Әйелім баптист дінінде екен. Некеміз не болады?
Әйелім баптист дінінде екен. Некеміз не болады?
4 сағат бұрын 192

Әйелім баптист дінінде екен, некеміз не болады? Арада балалар бар.

Баптистер — Киелі кітапқа сенетін христиан дінінің бір бағыты. Протестанттарға жатады. Олар да өзге христиан шіркеулері секілді Никей сенімін қабылдайды. Олардың басты ерекшелігі: шомылдыру рәсімін (крещение) сәби кезден емес, тек есейген адамдарға ғана жасайды. Адам өз еркімен Иса Мәсіхке сеніп, Құдайды танығаннан кейін ғана оны суға толық батырып, дінге қабылдайды.

Ислам дінінде Кітап иелерінен, яғни, христиан мен йудей дініндегілерден қыз алуға рұқсат етілген. Бұған қатысты Құранда былай делінген: «...Сондай-ақ, иман келтірген (мүмін) арлы әйелдермен және сендерден бұрын Кітап берілгендерден болған арлы әйелдермен — олардың мәһірлерін (сыйларын) беріп, ойнас жасамай, көңілдес ұстамай, пайымдылықпен үйленулерің сендерге адал етілді»1.

Исламда мұсылман еркек христиан әйелінің өз діни құлшылықтарын істеуге рұқсат етуі керек, тіпті кей мәзхаб ғалымдары (Мәлики) христиан әйелінің шіркеуге барып тұруына кедергі жасауына болмайды деген де пәтуа келтірген.

Қорыта айтқанда, баптизм сеніміндегі әйеліңіз бен сіздің араңыздағы неке шариғи тұрғыда дұрыс болып есептеледі, өйткені баптистер - кітап иелері. Ол үшін айырылысуды шариғат міндеттемейді. Балаларыңыз мұсылман дініне тән. Балаларыңызды мұсылман дініне сай етіп тәрбиелеуге ден қойғаныңыз дұрыс. Тәуфиқ пен һидаят Алладан.

1Құран Кәрім: «Мәида» сүресі, 5 аят.

Абдусамат Қасым