Зина жасаған қыз үйленетін болса, "иддет" күте ме?
Зина жасаған қыз үйленетін болса, "иддет" күте ме?
7 ай бұрын 6195

Бір қыз білместіктен зина жасап қойған. Кейін тәубеге келіп, енді басқа жігітке тұрмысқа шықпақшы. Енді ол қыз тұрмысқа шықпай тұрып иддет мезгілін күтуі тиіс пе?

 

Әлхамдулләһ. Уассаләту уәссәләму аля Расулилләһ.

*Иддет мезгілі деген, ажырасқан әйелдер мен күйеуі қайтыс болған әйелдердің күтетін белгілі уақыты, соны шариғатта "иддет мезгілі" дейді. Ажырасқан әйелдер үш хайыз уақыты күтеді. Күйеуі қайтыс болған әйелдер төрт ай он күн күтеді. 


Алдымен мынаны айта кетелік, діндар жігіт зинаға бармаған, абиырын сақтап жүрген, абыройлы қызды әйелдікке алғаны жөн. Өйткені, Құранда «зинақор тек зинакорға үйленеді» деген мағынада аят бар. Сондықтан да, мүмкіндігінше болашақ балаларының анасын абыройлы, зинаға бармаған текті нәзік жандылар қатарынан іздегені абзал. 

Енді сауалға оралайық, егер зина жасаған қызды әйелдікке алатын болса, иддет мезгілін күтуі тиіс пе? 

Ханафи мәзхабында зина жасаған әйел тұрмысқа шығатын болса, ол иддет мезгілін күтпейді. Тіпті кеше зина жасап, бүгін некелерін қияр болса да некелері дұрыс болып саналады. Бірақ кей мәзхабтарда бір хайыз уақыты күтеді делінген. Мысалы, Мәлики мәзхабында зина жасаған әйелді некесіне алмас бұрын, ол әйел бір хайыздың келуін күтуі тиіс. Ондағы мақсат, зинадан бала көтеріп қойды ма, көтермеді ме, соны білу үшін. Сондықтан да, зина жасаған әйел заты тұрмысқа шықпай тұрып бір хайыз уақыт күткені абзалырақ. Алайда, иддет күттірмей некелесе берем десе де некелері дұрыс саналады, бірақ мынаны есте сақтау керек: егер, неке қиғаннан кейін ол қыздың біреуден екі қабат екендігі анықталса, ондай кезде босанғанға шейін төсек қатынасына бармай тұрады. Пайғамбарымыз бір сөзінде: «өзінің суымен өзгенің көшетін суғармасын» деген болатын. Алайда, іштегі бала алатын жігіттің өзінен болса, ол кезде некеден кейін аяғы ауыр екендігіне қарамастан қатынасқа түсе береді. 

Сөз сонында, зина ісінің өте ауыр күнә екендігін ескерте кеткіміз келеді. Зина жасаған ер не әйелдің осы дүниедегі көрер зиянымен қатар, о дүниеде де көрер азабы ауыр. Сол себепті, нәпсінің жетегінде кетіп, шайтанға алданып, бір сәттік рақаттық үшін, ақыреттегі мәңгі азапқа тап болып қалмау жағын ойлау керек. Ал ондай іске барған мұсылман тәубе етіп, намазға жығылып дұрысталмағы ләзім. Құдай Тағала тәубе еткен пенделерін кешіреді!

Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!