Неке мен Мәһрге қатысты 5 сұрақ
Неке мен Мәһрге қатысты 5 сұрақ
7 жыл бұрын 17293

- Неке қиылғанда мəһр айтылмай, некеден кейін белгілі мәһр түріне күйеуі екеуі келіссе, неке дұрыс па?

- Неке қию барысында мәһр айтылмай, одан кейін екеуара белгілі мәһр түріне келіскен болса, некелері дұрыс және келісілген мәһр де дұрыс. (Әл-Қудури).

- Мəһрді өзгертіп айтуға бола ма?

- Бұндай кезде күйеуінің келісімі маңызды. Егер, күйеуі бекітілген мәһрдің орнына басқа бір зат беруге келісіп жатса, онда рұқсат. Өйткені, Құран Кәрімде: «...Мәһр бекітілгеннен кейін, өзара келіскен нәрселеріңде күнә жоқ...», - делінген. иса сүресі, 24-аят). 

- Жəне мәһр қанша уақытта берілу керек?

- Мәһр берілу уақытына қарай «мәһр муғажжәль» және «мәһр мү’әжжәль» болып екіге бөлінеді. Мәһр неке қию барысында берілетін болса, мұны шариғатта «мәһр муғажжәль», яғни «дер кезінде берілетін мәһр» деп атайды. Ал, берілу уақытын қыздың ризалығымен кейінге қалдырып жатса, мұны «мәһр мү’әжжәль» дейді - «берілу уақыты кейінге қалдырылған мәһр» деген сөз.  

- Бір уағыздан естуім бойынша, некеде мəһр айтылмаса, неке дұрыс емес, қайта қию керек екен. Осы рас па?

- Ханафи мәзхабы бойынша, мүлдем мәһр айтылмастан, мәһр бекітілместен неке қиылған жағдайда, қиылған неке дұрыс, тек мәһр ретінде «мәһр мисль» берілуі керек. «Мәһр мисл» дегеніміз – қыздың туыстары арасында қай жағынан алғанда да өзіне тең келер әйелдерге берілген мәһрдің көлемі.  

- Әйелі келісілген мәһрден бас тартып жатса, күйеуінің мойнынан түсе ме? 

- Мойнынан түседі. Әйелдің өз еркі. Қаласа келісілген мәһрден түбегейлі бас тартып, күйеуін мәһр беру борышкерлігінен босатады. Қаласа келісілген мәһрдің мөлшерін азайтып, күйеуіне жеңілдік тануына болады. (әл-Қудури). 

Абдусамат Қасым