Мұсылман қазақ қызы орыс ұлтына тұрмысқа шықса, үкімі қандай?
Мұсылман қазақ қызы орыс ұлтына тұрмысқа шықса, үкімі қандай?
3 жыл бұрын 8697

Әссәләмуғалейкум! Мұсылман қазақ қызы орыс ұлтына шықса, үкімі қандай?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Исламда мұсылман қыздың бөтен дінді ұстанатын жігітке тұрмысқы шығуы қатаң тыйым салынған. Үкімі – харам. Өте ауыр күнә. Қиған некелері саналмайды. Сол себепті, арадағы қатынас зина болып есептеледі.

Тіпті «бөтен діндегі жігітке тұрмысқа шығуға болмайды» деген шариғат үкімін жоққа шығарып, олай істеудің болатындығына сенсе, яғни, оның күнә еместігін қабыл етсе, мұсылманшылықтан шығып кетеді. Өйткені, нақты харам боп бекітілген істі халал деу – кісіні діннен шығарады.

Құран Кәрімде мұсылман қыздың мұсылман емес жігітке тұрмысқа шығуын тыйған ашық аяттар бар. Атап айтсақ, «Бақара» сүресінің 221-аятында Хақ Тағала былай деп бұйырады:

وَلَا تُنْكِحُوا الْمُشْرِكِينَ حَتَّى يُؤْمِنُوا وَلَعَبْدٌ مُؤْمِنٌ خَيْرٌ مِنْ مُشْرِكٍ وَلَوْ أَعْجَبَكُمْ أُولَئِكَ يَدْعُونَ إِلَى النَّارِ وَاللَّهُ يَدْعُو إِلَى الْجَنَّةِ وَالْمَغْفِرَةِ بِإِذْنِهِ وَيُبَيِّنُ آَيَاتِهِ لِلنَّاسِ لَعَلَّهُمْ يَتَذَكَّرُونَ}

«(Мұсылман әйелдерді) мүшриктерге некелемеңдер, мүмін болғанға дейін. Шынында, мүмін құл – сендерге ұнап тұрса да мүшриктен артық. Олар тозаққа шақырады. Алла болса, оның рұқсатымен кешірімге және пейішке шақырады. Мүмкін ескерер деп, адамдарға аяттарын анық түсіндіреді»[1].

Сондай-ақ, «Мүмтәхина» сүресінің 10 аятында:

فَإِنْ عَلِمْتُمُوهُنَّ مُؤْمِنَاتٍ فَلَا تَرْجِعُوهُنَّ إِلَى الْكُفَّارِ لَا هُنَّ حِلٌّ لَهُمْ وَلَاهُمْ يَحِلُّونَ لَهُنَّ}

«... Егер ол әйелдердің мүмін-мұсылман екендіктерін білсеңдер, оларды кәпірлерге қайтармаңдар. Мүмін әйелдер кәпірлерге халал емес. Кәпірлер де мүмін әйелдерге халал емес»[2].

Аталмыш аятта «...Мүмін әйелдер кәпірлерге халал емес. Олар да мүмін әйелдерге халал емес..» дей отырып, кәпірлер қауымына мұсылман қыздарын тұрмысқа беруге болмайтындығын нақты айтып отыр. Ешбір ғұлама бұған күмән келтірмеген. Яғни, мұның солай екендігіне орай ижма бар.

Ендеше, сауалдағы жағдайға қарасты айтар болсақ: Егер орыс жігіті мұсылмандықты қабылдамаса, оған мұсылман қазақ қызының тұрмысқа шығуы ауыр күнә болады. Араларындағы неке – неке болып есептелмейді. Екеуінің арасындағы қатынас «зина» болып есептеледі.  Алайда, орыс жігіт мұсылмандыққа өтсе, оған мұсылман қыздың тұрмысқа шығуы, діни тұрғыда күнә болмайды.


[1] Құран Кәрім: «Бақара» сүресі, 221 аят.
[2] Құран Кәрім: «Мүмтахина», 10 аят.

Абдусамат Қасым