Мәһрге байланысты 4 сұрақ
Мәһрге байланысты 4 сұрақ
1 жыл бұрын 2750

- Үйленгенде мәһрге алтын сақина деп айтқан. Алты жылдан кейін күйеуі сақина емес, алтын алқа әперген, әрине айелдің келісімімен. Сұрак: зат айелдің келісімімен өзгерген жағдайда мәһр санала ма?

Ерлі-зайыптылар келіскен мәһрлерін кейіннен өзара келісіп өзгерте алады. Сондықтан да, «мәһрге алтын сақина» деп келісіп, артынан алтын алқа алып беруге келіссе, ол мәһрге есептеледі.

- Мәһрдің ең аз мөлшері қанша? Сақинаның граммы мәһр мөлшеріне жетпесе, мәһр санала ма?

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадисінде бекіткен мәһрдің ең аз мөлшері - 10 дирһам күміс. Бұл - 35 грамм күміске тең келеді. Сондықтан да, мәһр ретінде келісілген сақинаның құны ең аз дегенде 35 грамм күмістің қазіргі құнына жетпесе, сол мөлшерге жеткізіп толықтырып беруі тиіс.

- Әйел кісі мәһрге көйлек сұрады делік. Сұраған көйлегі ол кезде шамамен он мың теңге болса, қазір бағасы он бес мыңдай. Ол мәһрге жата ма?

 Көйлек - мәһрге беруге болатын затттар қатарынан. Бастысы қандай көйлек екендігін нақты белгілеген болуы керек. Және де неке қидырғанда мәһр ретінде айтқан белгілі көйлек түрінің бағасы кейіннен қымбаттағанының зияны жоқ. Бастысы, келісілген көйлектің құны ең аз дегенде 35 грамм күміске тең келген болуы тиіс. Сұраған көйлектің құны - 35 грамм күмістің құнынан арзан болса, жігіт 35 грамм күмістің құнына толтырып беруі тиіс. Ондай жағдайда жетпегенін ақшалай беруіне болады.

- Мәһрдің жоғарғысының шегі жоқ деп оқыдым. Дегенмен күйеуінің жағдайына қарау керек дейді. Енді танысқан әйел кісі күйеуінің жағдайын қаалй біледі?

Пайғамбарымызы (с.а.у.) «ең қайырлы әйел - мәһрі жеңіл болған әйел» деген. Сондықтан да, дінімізде мәһрдің көбінің шегі жоқ болса да, мұсылман әйел кісілерді қанағатшылыққа шақырып, мәһрін шарықтатпауын ұнамды санаған. Сол себепті, мәһрін сұрайтын кезде «қанағаттылық» таразысына салғаны жөн. Әсіресе, қалың мал беру салты бар біздің елде мәһрін барынша жеңілдеткені абзал дер едім.

Аллаһу аъләм. Ең дұрысы - Аллаға мәлім!

Мәһр деген не?

Мәһр деген, мұсылман неке заңы бойынша жігіттің некелесер сәтте болашақ жарына беретін неке сыйы. Басқаша айтқанда, жігіттің қызға көрсеткен илтипаты, оған деген сезімінің белгісі. Мәһрдің мөлшерін белгілейтін - қыз. Неке сыйының мөлшері қыздың келісіміне қарай әртүрлі болып келеді.

Мәһр - қазақша "қалыңдық малы" немесе "қалыңмал" деген ұғымдармен мағыналас. Шариғатта жігіттің некелесер қызына мәһр беруі шарт. Берілген мәһр - қыздың жеке дүниесі болып есептеледі, оны қалай жаратам, кімге берем десе де, өз еркі. Мәһрдің мөлшерін белгілеу қыздың еркінде, десе де Пайғамбарымыз (с.а.у.) "ең қайырлы әйел - мәһрі аз болған әйел" дей отырып, лаж болса, мәһрінің мөлшерін шарықтатпауға шақырған.

Абдусамат Қасым