Сәлеметсіз бе! Мәһрді рассрочкаға алуға бола ма?
Мәһрді бөліп төлеуге келісуге бола ма?
|
Сәлеметсіз бе!
Мәһрді бөліп төлеуге келісуге болады. Шариғат мәһрдің берілетін уақытына қатысты: «мәһр муъажжәл» және «мәһр муәжжәл» деп екіге бөледі. Біріншісі - келісілген мәһрді бірден беру. Екіншісі - келісілген мәһрдің берілу уақытын кейінге қалдыру, мұнда берілер уақытын нақты белгілеген абзал. Сондай-ақ, мәһрді белгілі уақыт аралығында бөліп төлеуге келісуге де болады. Бұған байланысты Ислам ғалымы мархұм Уәһбәту әз-Зухәйли былай дейді:
«Егер ашық (нақты) түрде мәһрді бөліп төлеуге келіскен болса, соған сай амал етіледі».1
Мәһр деген не?
*Мәһр деген, мұсылман неке заңы бойынша жігіттің некелесер сәтте болашақ жарына беретін неке сыйы. Басқаша айтқанда, жігіттің қызға көрсеткен илтипаты, оған деген сезімінің белгісі. Неке сыйының мөлшері қыздың келісіміне қарай әртүрлі болып келеді. Қазақша баламасы: "қалыңдық малы" немесе "қалыңмал" деген ұғымдармен мағыналас. Шариғатта жігіттің некелесер қызына мәһр беруі шарт. Берілген мәһр - қыздың жеке дүниесі болып есептеледі, оны қалай жаратам, кімге берем десе де, өз еркі. Мәһрдің көлемін қою қыздың еркінде, десе де Пайғамбарымыз (с.а.у.) "ең қайырлы әйел - мәһрі аз болған әйел" дей отырып, лаж болса, мәһрінің мөлшерін шарықтатпауға шақырған.
1 Проф. Доктор: Уаһбәту әз-Зухайли: «әл-Фиқһуль Исләми уә әдилләтуһу». 9\6787. әл-Мәһр уә әхкәмуһу («Мәһр және оның үкімдер»).