Кинода қиылған неке діни тұрғыда неке санала ма?
Кинода қиылған неке діни тұрғыда неке санала ма?
7 жыл бұрын 8053

Әссәләмуғалейкум! Кинода жігіт пен қыз үйлене береді. Сол шариғатта рұқсат па? Алла разы болсын. Елнұр.  

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Шариғатымызда мынадай қағида бар:

 اَلْعِبْرَةُ فِى الْعُقُودِ لِلْمَقَاصِدِ وَ الْمَعَانِى لا  لِلاَلْفَاظِ وَ الْمَبَانِى

 «Келісімшарттарда сөздер мен қалыптар емес, ниет пен мән-мағыналар назарға алынады»[1]. 

Осы қағидаға қарай айтар болсақ, фильмдердегі некелесушілердің ниеттері шын мәнісінде үйлену емес, сценарий бойынша берілген рөлді сомдау болып табылады. Ал, дінімізде, неке – шынайы болуы тиіс. Жалғандыққа немесе кинодағы рөлге негізделмеуі керек. Сонда барып ол толыққанды неке саналмақ. Құран Кәрімде Алла Тағала: 

وَأَخَذْنَ مِنكُم مِّيثَاقًا غَلِيظًا

«...Сендерден жұбайларың салмақты уәде (келісім) алған тұғын...»[2], - деп некенің салмақтылыққа, шынайылыққа негізделетініне ишара етеді.

Ондағы неке қиюшы екі жастың аты-жөндері де жалған. 

Сондай-ақ, мысалы, уақытша қиылған некені шариғат бойынша, неке ретінде есептемейтініміз белгілі. Ондай болса, фильмдерде орын алып жататын өтірік некені қалайша неке ретінде есептемекпіз. 

Және Ханафи мәзхабынан өзге мәзхабтарда неке дұрыс болу үшін «уәли» яғни, қыздың қамқоршысының рұқсаты шарт, онсыз неке – неке емес. Ал, фильмдерде бұндай талаптың қарастырылмайтыны анық. 

Сол себепті, киноларда қиылған некелерді неке ретінде санағаннан гөрі, санамаған дұрысырақ деуге негіз бар.  

Дейтұрғанмен, шын болмаса да фильмдерде неке қию сахналарына орын берілмегені абзал.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! 

Абдусамат Қасым, Исламтанушы.


[1] Мәжәллә – 1/21. Қазіргі таңдағы дін мамандарының бір сыпырасы: "егер неке талаптары табылып жатса, фильмде қиылған неке саналады" деген тұжырым білдірген. Алайда, ондай некені «неке емес» дейтін дін ғалымдары да аз емес.
[2] Құран Кәрім, Ниса сүресі, 21 аят.