«Біз сендерді жұп-жұп етіп жараттық» деген аятты қалай түсінуге болады? Әркімнің жұбы жаратылып қойған ба?
«Біз сендерді жұп-жұп етіп жараттық» деген аятты қалай түсінуге болады? Әркімнің жұбы жаратылып қойған ба?
6 жыл бұрын 66227

Ассалаумағалейкум! Қояр сұрағым: Аллаһ Құранда "біз сендерді жұп-жұп етіп жараттық" деді. Ал енді үйленбей қалған немесе киеуге тимей қалған қыздар болса, олардың жұбы қайда? Дүние салған қаншама адамдар бар осылай...

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құран Кәрімде, «Нәбә» сүресі, 8 аятта Жаратушымыз:

وَخَلَقْنَاكُمْ أَزْوَاجًا

«Біз сендерді жұп-жұп етіп жараттық» деген[1].

Бұл аяттың мәні «әркімнің үйленетін жарын жаратып, белгілеп қойдық» дегенді білдірмейді. Аят «сендерді еркек және әйел етіп жараттық» деген ұғымда айтылған. 

Өмірде еркек кіндіктілерден гөрі, нәзік жандылардың қатары көп. Ал егер аталмыш аятты «әркімнің өмірлік жұбын жаратып қойдық» деп түсінер болсақ, еркек жетпей қалған өзге әйелдердің жұбы қайда, деген сауал туындайды. Немесе өзіңіз айтпақшы, үйленбей түрып дүние салған адамдардың жұбы кімге жұп болмақ? 

Демек, аяттың мәні «әркімнің жұбын жараттық» деген мағынада емес, «адам баласын еркек және әйел етіп жараттық» дегенге саяды екен.   

Әрине, Алла Тағала шексіз білімімен кімнің кімге үйленетіндігін о баста білетіндігі рас, әрі тағдырымызда да кіммен отау құратынымыз жазулы. Оған шүбәміз жоқ...[2].    

Жоғарғы аятты аша түсер болсақ, Алла Тағала тек адам баласын ғана емес, бүкіл жаратылыстарды жұбымен жаратқан. Мысалы, жан-жануарларды ұрғашы-еркек, ал өсімдіктерді аталық пен аналық, электр қуатын плюс-минус, күн мен түн, ыстық пен суық, бақыт пен бақытсыздық, қуаныш пен қайғы, сабыр мен сабырсыздық, құрлық пен су, өмір мен өлім, дүние мен ақырет т.б. Яғни, бүкіл мақлұқат (жаратылыс) жұп-жұп болып жаратылған. Бір тек Алла Тағала ғана жалғыз. Қазақтың «Жалғыздық Аллаға ғана жарасқан» деген сөзінің бір мәні осы.  

Бұған қатысты Құранның басқа бір аятында былай делінген:

وَمِنْ كُلِّ شَيْءٍ خَلَقْنَا زَوْجَيْنِ لَعَلَّكُمْ تَذَكَّرُونَ

«Біз әр нәрсені жұбымен жараттық. Мүмкін ойланарсыңдар»[3].  


[1] Нәбә сүресі, 8аят.
[2] Бұған байланысты қосымша «Менің жарым, менің тағдырым ба?» атты мақаланы оқысаңыз болады 
[3] Зарият сүресі, 49 аят.

Абдусамат Қасым