Апалы-сіңлілі екі бауырлас қызды бір некеде ұстаудың үкімі қандай?
Апалы-сіңлілі екі бауырлас қызды бір некеде ұстаудың үкімі қандай?
10 жыл бұрын 9501

Ассалаумағалейкум, сайт ұжымы! Сіздердің көмектерініз өте қажет болып тұр. Апалы-сіңлілермен бір некеге тұруға болмайтынын өте кеш білдім. Бірақ екі жақта да балалар бар. Шариғат заңымен қалай дұрыс істесем болады? Екі әйел де, балалар да зиян шекпесін, дұрыс шешімін айтасыздар ма?

Уағалейкум әссәләм! Жаратушы Иеміз Алла тағала өзінің қасиетті кітабында былай деп бұйырады: «Екі бауырлас қыздарды бір некеде ұстауларың арам қылынды. Бірақ өткен өтті...»[1].   

Сахаба Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен сахих бір хадисте былай делінген: «Әйел - әкесінің әпке-қарындастарымен және анасының әпке-сіңлілерімен (нағашы) бір некеде ұсталынбайды»[2].

Сондықтан, екі бауырлас апалы-сіңлілерді бір некеде ұстау – харам. Оның харамдығы жайында ғалымдар арасында талас жоқ. Бауырлас апалы-сіңлілер деп мыналарды атаймыз:

  • Бірге туған әпке-сіңлілері;
  • Қыздың әкесінің туған әпке-қарындастары;
  • Қыздың анасының әпке-сіңлілері (яғни, нағашылары);
  • Туған аға-әпкелерінің қыздары;
  • Сүт бауырлықтан туындаған әпке-сіңлілер.

Мұндай некенің үкімі:

Бір некедегі апалы-сіңлілі екеуінің қайсысын екінші кезекте некелеген болса, соның некесі бұзылады. Бірінші кезекте қиылған некесі сол күйінше қалады. Ретін білмеген жағдайда екі неке де бұзылады[3].  

Ендеше, сіздің некеңіздегі апалы-сіңлілердің туыстығы жоғарыда айтып өткен талапқа сай келіп тұрса, шариғат бойынша кейінгі некелескен әйел кісімен айырылысуыңыз шарт. Өйткені, кезегіне қарай бірінші некелескеннің некесі (егер неке шарттары толығымен қарастырылған жағдайда) дұрыс. Екінші кезекте некелескен некенің үкімі - «фәсид неке», яғни «бұзылған неке» үкімінде болмақ.

Дегенмен, оған қатысты мынадай үкімдер қарастырылады:

  1. Мәһрі беріледі.
  2. Балалар сіздің ұрпағыңыз болып есептеледі. (Сондықтан, кәмілеттілік жасқа[4] толғанға дейінгі нәпақасы сіздің мойныңызда[5]).
  3. Сізден ажырағаннан кейін үш етеккір мезгіл күтеді (иддәт).  
  4. Ол кісімен сіздің араңызда құдандалық туыстық туындайды [مُصَاهَرَة). Бұл дегеніміз - болашақта оның (басқа еркектен болған) қыздарымен, немерелерімен, шөберелерімен, шөпшектерімен үйлене алмайсыз деген сөз. Сондай-ақ, ол да сізден ажырағаннан кейін, сіздің әкеңізбен, атаңызбен, басқа әйелден туылған балаларыңызбен, немерелеріңізбен некелесе алмайды[6].

Абдусамат Қасым


[1] Ниса сүресі, 23-аят. Аяттағы "өткен өтті" деген сөздің мағынасы: білмей осындай әрекетке барған кісіге күнә жоқ. Бірақ, екеуінің біреуімен шариғатқа сай айырылысуы шарт.
[2] Сахих Муслим - №1408 хадис.
[3] Әл-Мәрғинани, әл-Һидая; Әбу Заһра – Ахуалуш шахсия. 87-бет; Проф. Доктор У.Зухайли, әл-Уәжиз – 3/73.
[4] Кәмілеттік жасы — кемелденгендік, толысқандық, адамның бойы өсіп, бұғанасы қатқан, ақыл-ойы, рухани-моральдік жағынан жетілетін шағы. 
[5] Айырылысқан әйеліңізге өзгеге тұрмысқа шыққанға дейін материалдық көмек көрсетіп тұрсаңыз болады. Бірақ, араңызда неке болмағандықтан оңаша қалу т.б. шариғат құптамайтын әрекеттерге бару харам, күнә.
[6] У.Зухайли, әл-Мәусуғатуль Фиқһия 8/124 бет. Әл-Уәжиз – 3/70-73 бет.;  Абдулуәһһәб Хиләф, әл-Ахуалуш шахсия. 34-40 бет; Әбу Захра, әл-Ахуалуш Шахсия.