Үйге адамның фотосуретін ілуге бола ма?
Үйге адамның фотосуретін ілуге бола ма?
8 жыл бұрын 51498

Сұрақ: Қайырлы кеш! Менің білуімше адамның суреті ілулі тұрған үйге періште кірмейді дейді. Ол Қандай сурет? Фотоаппаратпен түсірілген сурет пе? Мысалға, мен үйлену тойымдағы суреттерді ілгім келеді. Жадыра.

 

Сұрақ: Әссәләмуғалейкум! «Үйге сурет ілуге болмайды» дейді осыны түсіндіріп бересіз бе? Қасым

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, негізгі сұраққа тоқталмас бұрын жалпылама тірі жанның суретін ілу мәселесі төңірегінде ертеректегі Ханафи ғалымдарымыз не деген екен, қысқаша соны айта кетелік.

Ханафи мәзхабында үйге тірі жанның суретін іліп қою – мәкруһ. Сахих бір хадисте ит пен сурет бар үйге періштенің (рақымдылық періштесі) кірмейтіндігі айтылады[1].

Алайда, анықтап қарамаса көрінбейтіндей кішкене көлемдегі суреттердің зияны жоқ. Кітаптарда: «Үйдегі кішкентай суреттер мәкруһ емес», - делінген.

Сондай-ақ, төсеніш, жастық, ыдыс-аяқ сияқты тұрмыстық заттардағы суреттердің де зияны жоқ. Осыған қатысты Ханафи ғалымы Ибн Ғабидин былай дейді:

«Төсеніш секілді қадірсіз етіп көрсететін жерлердегі суреттер - періштелердің үйге кіруіне кедергі келтірмейді». 

Ғұлама бұл тұжырымын мына бір хадиске сүйеніп айтқан:

Бір күні Жебірейіл періште Пайғамбарымыздан үйге кіруге рұқсат сұрайды. Пайғамбарымыз: «Кіріңіз!», –дегендеперіште: «Үйіңде суреті бар перде тұрғанда қалай кіремін? Сен былай жаса: Суреттің басын кес немесе пердені  кесіп алып, жастықты тыста яки жерге төсеніш қыл», - деді»[2].  

Бұнымен қатар, суреттегі жанды заттың тірі кезінде онсыз өмір сүре алмайтын бір ағзасын суреттен өшіріп тастаса, яки, сол жерінен жыртып тастаса да, ол сурет макруһ болмайды. Және де жансыз заттардың суретін ілу мәкруһ емес[3].

Фотосурет:

Енді негізгі сұраққа келелік. Бүгінде кеңінен таралған фотосуреттерді ілу де аталмыш үкім аясына кіре ме, жоқ па?

Мұнда қазіргі дін мамандары арасында талас бар деуге болады.

Мархум профессор, доктор У.Зухайли (р.а.) өзінің «Фәтәуа муасыра» атты кітабында фотосуретті үйге ілуге болады дегенге келтірген. Оның ойынша, фотоаппаратпен түсірілген сурет суға немесе айнаға қараған адамның шағылысқан бейнесі секілді. Ол - сурет салғанға ұқсамайды. Мұнда «Алланың жарату сипатымен тайталасу» мәселесі жоқ[4].

Фотосуретті ілуді рұқсат дегендердің бірі Мысыр елінің бұрынғы муфтиі, ғалым Жәдәл Хақ (р.а.) болып табылады. Оның пайымына қарағанда, егер асыра ұлықтау үшін немесе табыну үшін ілінбеген болса және күнәға, харам істерге жетелейтін суреттер қатарынан саналмаса, фотосуретті ілудің күнәсі жоқ[5].

Дейтұрғанмен, фотоны ілуге түбегейлі қарсы шыққандар да аз емес.

Қорытынды:

Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда, Ханафи ғалымдарының суретке қатысты білдірген тұжырымдамаларына қарай отырып, тірі жанның суреті бейнеленген фотосуретті ілудің де үкімі мәкруһ деуге негіз бар. Өйткені, хадистегі «сурет» сөзі фотоны да қамтып тұр десек қателеспеспіз. Сол себепті, естелікке түскен фотоларыңызды қабырғаға ілгеннен гөрі арнайы фотоальбомдарда сақтаған абзал. Беті жабық суреттердің немесе бір заттың ішіндегі суреттердің зияны жоқ. Әсіресе, намаз оқитын бөлмелерде және мешіттерде тірі жанның суреті ілінбеуі тиіс. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Сахих Мүслім - №2104 хадис.
[2] Нәсәи – 5365
[3] Хашияту Ибн Ғабидин – 4/165-174 бет.
[4] «Фәтәуа муасыра», 315 бет.
[5] Аталмыш ғалымдардың мұндай уәжді көлденен тартуына себеп – әртүрлі риуаяттың келгендігі болса керек. Бұған байланысты келтірілген риуаяттарды «Сурет салу харам ба?» атты мақаладан оқи аласыз:  http://islam.kz/kk/questions/arturli/suret-salu-jane-ony-ilu-haram-ba-327/#gsc.tab=0 

Абдусамат Қасым