Спиртке бөктірілген бидаймен қоректенетін сиырдың еті адал ма?
Спиртке бөктірілген бидаймен қоректенетін сиырдың еті адал ма?
7 жыл бұрын 4969

Әссәләмуғалейкум! Бір досымнан естіп жатырмын, сиырларын спиртке бөктірілген бидаймен бағады екен. Таза бидай бергеннен гөрі спиртке бөктіріп берсе, тезірек семіретінге ұқсайды. Сұрағым келгені, соның шариғаттағы үкімі не болмақ?

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! 

Төрт түлік малдың адал болуының бірден-бір себебі – таза нәрселермен қоректенуінде. Өйткені, жеп-ішкен азығының етіне де әсері бар. Сондықтан да, діни тұрғыда малға спирт секілді харам нәрселер беруге жол жоқ. 

Ендігі жерде бірыңғай спиртке бөктірілген бидаймен ұзақ уақыт бойы қоректеніп жүрген сиырды еті тазарғанша соймаған дұрыс. Оны тазартудың жолы - жиырма күн бойы таза жем-шөп беріп бағу.

Орта ғасырда Бәдруддин Аини (м. 1361-1451 ж) есімді атақты Ханафи ғалымы өмір кешкен. Соның (р.а.) мынадай тұжырымдамасы бар:

«Малды шараппен (хамр) суғаруға болмайды... Егер, шарап ішуі әдетке айналып, өнешінен шараптың иісі шығып тұратындай күйге жетсе, онда түйе - бір ай бойы қамауда ұсталып, одан кейін еті желінеді. Сиыр - жиырма күн, қой – он күн, ал тауық – үш күн қамауда ұсталады[1]».


[1] Бәдруддин әл-Айни: әл-Биная – 12/357 бет. 

Абдусамат Қасым