Шариғи тұрғыда "қызыл кітапқа" енген аңдар мен құстарды аулауға бола ма?
Шариғи тұрғыда "қызыл кітапқа" енген аңдар мен құстарды аулауға бола ма?
1 жыл бұрын 2622

Ассаламу аләйкум. Алла разы болсын Сіздерге, жасап жатқан қызметтеріңізге.

Менің сұрамақ болғаным арқар, киік, балық түрлері, яғни т. б. қызыл кітапқа енген жануарлар, құстарды мұсылмандардың атып, аулап жеуі туралы айтып өтсеңіз. Өйткені көп мұсылмандар осыны ескермей жасырын аңға шығып жатады. Жасұлан.

Әлхамдулилләһ. Уассәләту уәссәләму аля Расулилләһ.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Қызыл кітап сирек кездесетін, жылдан жылға азайып, жойылып бара жатқан жануарлар мен өсімдіктердің түрлері тіркелетін халықаралық құжат. Бұл құжатқа сәйкес қызыл кітапқа енген аңдар мен құстар және өсімдіктер заң бойынша қорғалады. Кейбір аң мен құстарды қызыл кітапқа енгізудегі мақсат - қатары азайып бара жатқан жан-жануарлардың жойылып кетуден аман алып қалу. Ал табиғатты қорғау және аялау - Исламның жалпылама ереже-қағидаттары мен дүниетанымына сәйкес дүние. Ағаш отырғызып, табиғатты көркейтуге ат салысуға қатысты көптеген хадистер айтылған. Сондықтан да, мұндай ізгі шараға мұсылман адам ең бірінші ат салысуы тиіс.

Бір ғана мысал айтар болсақ, Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) мұсылман әскерін жорыққа аттандырарда әскер басшысына қарттарға және әйел-балашағаға тимеуді, сондай-ақ, ағаштарды шаппауды, өсімдіктерді бекер жұлмауды және ғимараттарды қиратпауды қатаң ескертетін. Басқа бір хадисінде: «Кімде-кім лотус ағашын ермекке кесетін болса, Алла оны тозаққа басымен тастайды» - дейді1. Бұдан да табиғатты аялау керек екендігін, құр ермекке табиғатқа залал тигізуге болмайтындығын ұғыну қиын емес. Құран Кәрімде: «Жер беті жөнделгеннен соң оны қайтып бұзбаңдар» деп бұйырады2. 

Оның үстіне шариғатта ермекке аң аулауға рұқсат жоқ. Бұрынғы заманда адамдар терісін бұйым етіп, етін қорек қылу мақсатында аң аулайтын. Бүгінде көңіл-көтеру үшін құр ермекке аулайтындар баршылық. Сондықтан да, мұқтаж болмаса да аңдарды құр ермекке өлтіру Исламда күнә болып есептеледі.

Бұнымен қатар, қызыл кітапқа енген аңдарды өлтірмеу заңы Исламдағы «басшыға бағыну» бұйрығы аясында қаралады3. Дініміз шариғатқа қайшы келмейтін істерде басшыға бағынуды бұйырады. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, мұндай ізгі шараға құлақ асып, аңшылық кәсібін заң аясында жүргізу әрбір мұсылманның борышы.

Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин! 


1  Әбу Дәуід, «Сүнән».
2  Құран Кәрім, «Ағраф», 52 аят.
3  Құран Кәрім, «Ниса», 59 аят.

Абдусамат Қасым