Шариғатта көңіл айту қалай болмақ?
11 жыл бұрын 64547

Ассалаумағалейкум! Жақында бір досымның туысы қайтыс болып, көңіл сұрауға бардық. Барып, біреуіміз «иманды болсын», екіншіміз «топырағы торқа болсын» деп, білгенімізше көңіл айттық. Сол мезетте ойыма «шариғатта арнайы көңіл сұрауға байланысты сөздер бар ме екен?» деген сұрақ туды.  Арнайы көңіл сұрау сөздері болса айтып берсеңіздер? Нұржан.

Уағалейкум əссəлəм! Нұржан мырза, қайтыс болған адамның туыстарын жұбату мақсатында айтылатын «иманы саламатты болсын», «артта қалғандарға өмір берсін», «топырағы торқа болсын», «арты қайырлы болсын» деген сияқты сөздер шариғатқа қайшы емес. Дегенмен, сабырға шақыратын, Алланың жазғанына көну керектігін білдіретін сөздер айту – сүннет. Өйткені, қызының ұлы өлім үстінде жатыр деген хабарды естігенде ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у): «Қызыма айтып бар! Алғаны да, бергені де – Оныкі (Алланікі)! Ешнәрсе мәңгі емес, әр нәрсенің уақыты шектеулі. Сондықтан, айт, сабыр етсін. Алланың жазғанына көнсін»[1], – деп басу айтқан екен.

Сондай-ақ, сахаба Муғаз бин Жәбәлдің ұлы қайтыс болғанда да сүйікті Пайғамбарымыз оған баға жетпес сөздермен былай деп жұбату айтып, хат жолдайды:

«Бисмиллаһир Раһманир Раһим. Алланың Елшісі Мұхаммедтен Муғаз бин Жәбәлға. Сәләмун Алейк. Аллаға мадақ. Одан басқа тәңір жоқ. Саған сауабын жаудырсын. Сабыр беріп, бізді, әсіресе сені ризығына бөлесін!

Шындығында, жанымыз да, малымыз да, бала-шағамыз да Алланың бізге берген уақытша сыйы. Уақыты келгенде қайтарып алатын аманаты. Аманатты пайдалануың мүмкін, алайда, белгіленген уақыты келгенде қайтарып алары анық. Ендеше, басыңа түскенге көнер болсаң, Алланың есендігі мен мейрімі жəне тура жолы берілмек. Сондықтан, сабыр ет. Сауабыңды іштегі күйінішің су сепкендей өшіріп, өкініште қалып жүрме. Ұмытпа! Қанша күйінсең де, өлген қайтып тірілмейді, басқа түскен қайғыны да сейілте алмас. Жазмыштан озмыш жоқ! Уәс Сәләм»[2].


[1] Имам Нәуәуи, Шархуль Муслим, Китабуль Жанаиз – 923 хадис.

[2] Табарани, Дуғалар – 1120 хадис.

Абдусамат Қасым