Шариғат бойынша қапаста құс, аквариумда балық асырауға бола ма?
Шариғат бойынша қапаста құс, аквариумда балық асырауға бола ма?
8 жыл бұрын 8427

Әссаламуғалейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Үйде қапаста құс, аквариумда балық асырауға бола ма? Ол бостандықты шектеу емес пе? Рахмет сіздерге, Алла разы болсын! Серікжан

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Сахаба Әнәс ибн Мәлик (р.а.) былай дейді:

«Алла елшісі (с.а.у.) адамдардың ең көркем мінездісі еді. Менің кішкене інім бар-тын. Оны «Әбу Умәйр» деп атайтын (емшектен шыққан кезі болса керек), оның ойнайтын құнағы бар еді. Пайғамбарымыз (с.а.у.) біздің үйге келген сайын (Әбу Умәйрдан): «Уа, Әбу Умәйр! Кішкентай құнақ* не істеп жүр?» - деп сұрайтын еді»[1].

(Құнақ (Frіngіllіdae) – әнші торғайлар отрядына жататын құс).

Аталмыш хадисті назарға ала отырып, Ислам ғалымдары қапаста құс асыраудың күнәсі жоқтығын айтқан. Тек, уақытылы тамағын беріп, қажетті тазалық сақталуы тиіс. Өйткені, басқа бір хадисте мысықты қамап, тамақ бермей аштан өлуіне себепші болған әйелдің тозаққа кіргендігі жайында сөз етіледі[2].

Осы орайда, арнайы аквариумда балық асыраудың да ағаттығы жоқ деуге негіз бар.


[1] Сахих Бухари - №5762; Сахих Мүслім - №4010
[2] Сахих Мүслім - №2242 хадис.

Абдусамат Қасым