Шариғат бойынша мұғалімдер оқушылардан сыйлық ала ала ма?...
Шариғат бойынша мұғалімдер оқушылардан сыйлық ала ала ма?...
3 жыл бұрын 7010

Ассаламуалейкум! Сұрағым бар еді: Ұстаз шәкіртінен не студенттен қандай жағдайда сыйлығын қабыл ала алады? Парадан бөлек, жақсылығы көп мұғалімдерге сыйлық жасасақ, оның алуына бола ма? Мирас.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, Ислам құқығы мамандарының (фиқһшы маман) тоқтамдарынша, мемлекет қызметкері саналатындықтан әрі мемлекеттен айлық алып отырғандықтан мұғалімдердің сыйлық алуларына діни тұрғыда тыйым салынады[1]. Мұны ғалымдарымыз Алла елшісінің (с.а.у.) мына бір хадис-шарифіне сүйендіреді: «هَدَايَا الْعُمَّالِ غُلُولٌ» - «Қызметкерлердің алған сыйлықтары – ұрлықы саналады»[2].

Бұл тек, мұғалімдерге ғана қатысты емес. Мемлекеттік лауазымды атқаратын өзге де мемлекет қызметкерлеріне қатысы бар деуге болады. Атап айтсақ, сот, құқық қорғаушы органдары, дәрігерлер, әскерилер т.б. Өйткені, мемлекет қызметкерлері ешкімді алаламастан, бәріне теңдей, әділ түрде қызмет көрсетулері керек. «Аузы жеген ұялады» демекші, мемлекет қызметкері бола тұра сыйлық алған жағдайда, сыйлық берушіге деген илтипаты артықтау болары сөзсіз, бұл өз кезегінде, өзінің қызметін әділ әрі дұрыс атқармауға алып келуі ықтимал.

Жалпы көп елдің заңында, соның ішінде біздің елде де мемлекет қызметкерлерінің сыйлық алуларына тыйым салынған. Соның ішінде, мұғалімдердің де оқушылардан сыйлық алулары заңмен құдаланады.

Қандай жағдайда алуы күнә емес?

Егер, мемлекет тарапынан арнайы айлық алып отыратын қызметкер болмаса, мұғалімге оқытқан шәкірттерінен сыйлық алуы күнә емес, ал, тағайындалған айлығы бар қызметкер бола тұра оқушылардан сыйлық алар болса, онысы күнә саналады.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Уаһбату Зуһайли: «Фәтәуә». 118 бет.
[2] Имам Ахмед: Мүснәд; Басқа бір риуаятта: «Патшаның алған сыйлығы...» деп келеді.

Абдусамат Қасым