"Шарап қышқылы" (винная кислота) Е334 қоспасы адал ма, арам ба?
"Шарап қышқылы" (винная кислота) Е334 қоспасы адал ма, арам ба?
3 жыл бұрын 5261

Ассаляму алейкум уа рахматтулахи уа баракатуһ. 1)Намаз кезінде ауырып жүрген адам еріксіз жөтелсе намаз бұзылмай ма? 2)Дәрі құрамында винная кислота деп тұрса ,оны қолдануға болмайды ма ұстаз? Асылай.

Бүкіл әлемнің Раббысы Аллаға мақтаулар болсын. Оның елшісі – Мұхаммед ғалейһиссәләмға салауаттар болсын.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

1). Намаз кезінде еріксіз жөтелген жағдайда намаз бұзылмайды. Намазы дұрыс. Сондай-ақ, түшкірсе де намаз бұзылмайды[1].

2). «Шарап қышқылына» келер болсақ (орысша «Винная кислота» деген атаумен белгілі, өнімдегі белгісі Е334), бұл қоспаны «күмәнділер» категориясына жатқызуға болады. Неге десеңіз, мәліметтерге қарағанда аталмыш қоспа екі жолдың бірімен алынады: Біріншісі - жүзімді ашыту арқылы алынады, мысалы, көп елдерде шарап жасалып болғаннан кейін бөшкелерде қалған қалдықтар жуылып, содан «шарап қышқылы» алынады екен.  Екіншісі - езілген жүзімнен ашытпай алынған шарап қышқылы.

Шарап қышқылының бірінші түрі – харам. Екінші түрі – халал[2].

Бірақ нарықта сатылатын өнімдердің құрамында көрсетілген «шарап қышқылының» қай түрге жататындығы бізге белгісіз. «Күмәнді» деуімнің себебі сол. Мүмкін болса, күмәннан қашқан абзал.

Ендігі жерде, сіздің қолданатын дәрідегі «шарап қышқылы» күмәнді қоспалардан болғандықтан, мүмкіндік болса, басқа дәріні пайдаланған абзалырақ, ал мүмкіндік болмаса, немесе сол дәрінің сырқатыңызға көбірек пайдасы бар десеңіз (Алланың қалауымен), онда қолдана беріңіз. Харам нәрсенің өзінде шипа бары анықталса, өзге дәрі жоқ кезде пайдалануға болады делінеді шариғатта. Ең дұрысы – Аллаға аян!


[1] Ибн Ғабидин: әл-Һәдия. 86 бет.
[2] gidaraporu com/ Tartarik asit;  islamweb net/حمض الطرطريك

Абдусамат Қасым