"Келін енесінің топырағынан" деген сөз қайдан шыққан? Дінде негізі бар ма?
"Келін енесінің топырағынан" деген сөз қайдан шыққан? Дінде негізі бар ма?
2 жыл бұрын 11038

«Келін енесінің топырағынан» деген сөздің негізі бар ма? Қандай түсініктен шыққан?

Бисмилләһир рахманир рахим

«Келін енесінің топырағынан» деген сөздің мәні көпшілікке белгілі, ол - «келін енесіне ұқсас болып келеді» деген мағынаны білдіретін тұспал сөз.

Ал, енді, ондай ұғым қайдан шыққан? Түп төркіні қандай негізге барып тіреледі? – деген сауалды ойлана келе, бұл сөздің түп төркіні Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) хадис шәрифінен бастау алатындығын аңғарамыз. Ол қандай хадис?

Сахих бір хадисте Алла елшісі (с.а.у.) адам баласының түсі мен мінезінің әртүрлі болуының себебін түсіндіре келе былай деп өтеді:

«Алла Тағала Адамды жаратар кезде жер-жерден бір-бір уыс топырақтан алып қосты. Сол себепті, Адамның ұрпақтары топырағының мөлшеріне қарай – кейбірі ақ түсті, кейбірі қызыл түсті, кейбірі қара түсті және кейбірі оның ортасында (қоңыр түсті) болып (дүниеге) келді. Сондай-ақ, топырағының мөлшеріне қарай адамдардың табиғаты – жаман, жақсы, жұмсақ, қатты және орташа болып жаратылды»[1] - делінеді хадисте.

Бұл хадистің жоғарыдағы тақырыпқа не қатысы бар, деуіңіз мүмкін. Қатысы сол - Алла Тағала адамды жаратар кезде жердің әр түкпірінен бір-бір уыстан топырақ алып қосқан екен. Осы сөздің негізінде атам қазақ: «Олай болса, келін мен ененің топырағы бір жерден алынған екен» - деген астарлы сөз шығарған. Әрине, ата бабамыз бұны тікелей мағынада айтпағаны анық. Дегенмен, келін мен ененің ұқсастығын меңзей келе, аталмыш хадис негізінде әлгіндей тұспал сөз (немесе сондай ұғым) шығарған деуге әбден негіз бар. Бұл да болса, қазақи дүниетанымның Исламмен тығыз байланысы бар екендігінің дәлелі. Ең дұрысы – Аллаға мәлім! 


[1] Әбу Дәуід: «Сүнән»; Тирмизи: «Сүнән»; Имам Ахмед: «Сүнән». т.б.

Абдусамат Қасым