Сенбі, жексенбі күндері шаш пен тырнақ алуға болмайды деп жатады. Қаншалықты рас?
Сенбі, жексенбі күндері шаш пен тырнақ алуға болмайды деп жатады. Қаншалықты рас?
1 ай бұрын 2714

Әссәләмуалейкум ұстаз! Дүйсенбі,сәрсенбі, бейсенбі,жұма күндері тырнақ,шаш алсаңыз Алла ризық несібесін көп қылады дейді, ал сейсенбі, сенбі, жексенбі күндері тырнақ,,шаш алса басынан бәле кетпейді дейді. Осы қаншалықты рас? Жалғас.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Бейсенбі күні тырнақ алу пақырлықтан, ал жұма күні тырнағын алу жамандықтан сақтайды деген риуаяттар бар1. Алайда ол риуаяттардың дені, не, тым әлсіз, не, жалған. Тырнақты жұма күні алған мұстахаб амал. Бейсенбі күні алуды ұнамды санайтын риуаяттар да кездеседі. Дейтұрғанмен, қай күні ыңғайлы сол күні ала берсе болады.

Ал «сенбі мен жексенбі күні тырнақ пен шашты алған адам пәлеге жолығады» деген мәлімет негізсіз. Оған қатысты дінімізде сахих хадис келмеген. Керісінше cенбі күні тырнақ алу денсаулыққа жақсы деген мағынада мәлімет бар, алайда ол «жалған хадис» болып есептеледі. Ол жалған хадис келесідегідей:

  • «Кім сенбі күні тырнағын алса, одан сырқат кетіп, шипа кіреді.
  • Кім жексенбі күні алса, одан пақырлық шығып, байлық кіреді.
  • Кім дүйсенбі күні алса, одан дерт шығып, деннің саулығы кіреді.
  • Кім сейсенбі күні алса, одан ауру кетеді.
  • Кім сәрсенбі күні алса, одан уәсуәс пен қорқыныш шығып, тыныштық пен деннің саулығы кіреді.
  • Кім бейсенбі күні алса, алапес ауруы шығып, саулық кіреді.
  • Кім жұма күні алса, оған мейірім кіріп, күнәлар шығады».

Алайда аталмыш риуаят «жалған риуат» болып есептеледі. Сондықтан да, «хадис» деп тарату ауыр күнә. Алла елшісі былай деген: «Кім менің атымнан әдейі жалған айтса, тозақтағы орнына дайындала берсін!» Біздің орайы келгенде мұнда бөлісуіміздегі мақсат - жалған хадис екендігін білдіру. Тоқ етерін айтқанда, сенбі күні де, жексенбі күні де тырнақты алудың ешқандай зияны жоқ. 


1Бұл жайында: «Бейсенбі мен Жұма күні тырнақ алса, бәле-жала жоламайды әрі бай болады деген рас па?» деген жазбамызды оқи аласыздар.

Абдусамат Қасым