Сағыз шайнаудың шариғаттағы үкімі қандай?
Сағыз шайнаудың шариғаттағы үкімі қандай?
9 жыл бұрын 23538

Сәлеметсіздер бе? Сіздерден білейін дегенім, сағыз шайнау жайында шариғаттың үкімі қандай екен? Қазірде екінің бірі күйіс қайырған жануардай сағыз шайнауға құмар. Сағыз шайнауға дін не дейді?  Нұргүл, Астана қаласы.

Сәлеметсіз бе, Нұргүл ханым! Сағыз шайнау сонау көне заманнан бері келе жатқан әдет. Ертеректе көбіне өсімдіктерден алынып, хош иіс беретін белгілі ағаш түрінің шайырынан жасайтын. Ежелгі римдықтар мастика ағашының шайырынан сағыз өндіретін болған.  

Европаға сағыз шайнау дағдысы - XVI ғасырда белен бере бастады. Себебі, осы ғасырда темекі өнімі европа еліне кең тарай бастаған еді. Ауыздағы темекінің иісін жою үшін сағыз шайнау әдетке айналды. Содан уақыт өте келе, ХІХ ғасырдың орта шеңінде алғашқы сағыз өндейтін фабрикасы ашылып, одан әрі сағыз өндірісі қарқынды дами түсті.  

Сахабалар кезеңінде де табиғи өсімдіктерден алынған сағыз түрлері болған. Әзірет Айша мен Умму Хабибә анамыздың ораза ұстаған кісіге сағыз шайнау мәселесі төңірегінде сөз қозғағандықтары деректерде келеді[1].

Жалпы сағыз шайнауға шариғат рұқсат етсе де, ертеректе өмір сүрген Ханафи ғалымдары сағыз шайнауды әйелдерге тән әрекет ретінде санап, ер кісінің шайнамағанын құп көрген (ауыздағы иісті кетіру сияқты белгілі бір қажеттілік туындамаса). Тіпті, әйелдерге тән әрекет болғандықтан ер кісілердің беталды сағыз шайнауын «мәкрүһ» санайтын ғалымдар болды[2]. (Мұндағы «мәкрүһ» - жеңіл мәкрүһті білдіреді).

Осы орайда, сағыз шайнайтын мұсылман адам өзі тұрып жатқан қоғамдағы сағызға қатысты қалыптасқан әдептілік нормалары мен принциптерін назарда ұстағаны жөн. Мысалы, сабақ үстінде, жұмыс орнындағы жиналыстарда, үлкен кісілердің мәжілісінде, конференцияларда, қариялардың алдында сағыз шайнау әдепсіздік.

Медициналық тұрғыда:

Қазіргі таңда сағыздың пайдалы жақтары көп насихатталып, зиянды жақтары ескерілмей жатады. Біле білсек, қазіргі өндіріліп жатқан сағыздардың адам денсаулығына айтарлықтай зияны бар. Шетелдік мамандардың айтуына қарағанда, сағыз шайнау адамның ақыл-ойына кері әсерін тигізіп, мидың жұмыс істеу қабілетін баяулатады. Осының нәтижесінде, ақпараттарды селқос қабылдайтын жағдайға жетеді екен[3].

Сондай-ақ, сағыздың құрамында көптеп кездесетін қант пен глюкоза ауыз қуысында түрлі бактериялардың көбеюіне ықпал етеді.

Оның құрамындағы Е-320, Е-322, Е-414, Е-422 т.с.с компоненттерінің салдарынан стоматологиялық аурулар пайда болады. Құрамындағы химиялық заттар онкологиялық және асқазан ауруларының тууына, созылмалы тері ауруларының тууына септігін тигізеді екен. Адам баласының ағзасы сағыздағы кейбір компоненттерді көтере алмай, безеу, секпіл, бөртпе қаптауы мүмкін. Сондықтан сағызға көп әуес болмау керек. 

Мамандардың ескертулері бойынша, сағыз шайнағысы келген кісілер  мына төмендегі кеңестерді ұмытпағандары жөн:

  • Сағызды бейберекет шайнауға болмайды.
  • Сағызды тек тамақтан кейін 5-10 минут қана шайнау керек.
  • Жағымсыз иістен арылам десеңіз, ащы сағызды 5 минут шайнап, кейін аузыңызды шайып жіберіңіз.
  • Тәтті сағыздарға құмар болмаңыз!
  • Үш жасқа дейінгі балаларға сағыз беруге болмайды.
  • Сағызды жұтып қойған жағдайда, көп мөлшерде су ішіңіз[4].

[1] Ибн Әби Шәйбә – 1038(31), 1-4.
[2] Әл-Биная – 4/68-69 беттер.; Мирқат – 4/448 бет.
[3]http://www.alashainasy.kz/interested/10398/
[4]http://massaget.kz/bastangy/Zdorove/3266
(Ескерту: Жоғарыда ұсынылған жазба 2013 жылы muslim.kz сайтында жария етілген жазбамның қайта редакцияланып, кейбір өзгертулер мен толықтырулар енгізілген түрі)

Абдусамат Қасым