Құран кітаптың аудармасын дәретсіз ұстай беруге бола ма?
Құран кітаптың аудармасын дәретсіз ұстай беруге бола ма?
1 жыл бұрын 4932

Әссаламуалейкум! Құранның тек қазақшасы ғана жазылған кітапты толық дәретпен ұстау керек пе, арабша аяттар жазылмаған? Перизат.

Әлхамдулилләһ. Уассаләту уәссәләму аля расулилләһ!

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, ескі Ханафи фиқһ кітаптарында дәретсіз және ғұсылсыз адамға тәпсір кітаптарын ұстауға бола ма, деген мәселе талқыланған. Сонда кейбір ғұламаларымыз «тәпсір кітаптарын дәретсіз ұстау мәкрух болады» деп пікір білдірсе1, кейбір ғалымдарымыз «тәпсір кітабы «мұсхаф» үкімінде емес, сондықтан да құран аяттары жазылған жеріне дәретсіз қол тигізуге болмайы, ал аят жоқ жерлерді ұстай беруге болады» деп тұжырымдаған2. Тіпті Ибн Ғабидин (р.а.) тәпсір кітаптарды өзге шариғи кітаптармен қатар қойып, дәретсіз ұстаудың үкімі де өзге шариғи кітаптарды дәретсіз ұстаудың үкімімен пара-пар деген тоқтам жасаған3. Ибн Ғабидиннің айтпағы: Имам Әбу Юсуф пен Имам Мұхаммед бойынша діни кітаптарды дәретсіз ұстау - «мәкруһ», ал Имам Ағзам Әбу Ханифа бойынша мәкруһ емес, сәйкесінше тәпсір кітаптарын да осы үкім аясына қарау керек деп отыр. Құранның аудармаларын да осы үкім аясында қарауға болады. 

Қорыта айтқанда, қасиетті Құран кітаптың аудармасын, егер, ішінде арабша Құран аяттары болмаса, яғни, құр аудармасы ғана болса, ол кітапты дәретсіз ұстай беруге болады. Ал егер ішінде аудармасымен бірге Құран аяттарының түпнұсқасы да берілген болса (әдетте солай болып келеді), ол кітапты дәретсіз ұстамаған дұрыс. Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!


1  «өйткені аят болмаса да, аяттың мағынасы бар». Бұрһануддин ибн Мәзә: «әл-Мұхит әл-Бұрһәни».
2  Ибн Нүжейм: «әл-Әшбәһ»; Ибн Ғабидин: «Роддуль Мұхтәр». 1/319 бет.
3  Ибн Ғабидин: «Роддуль Мұхтәр». 1/319 бет.

Абдусамат Қасым