Құран Кәрімді бірнеше кісі бөліп оқыса, толық хатым еткен болып санала ма?
Құран Кәрімді бірнеше кісі бөліп оқыса, толық хатым еткен болып санала ма?
5 жыл бұрын 6727

Ассалаумағалейкүм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ! Құран Кәрімді бірнеше кісі бөліп алып, хатым жасау ниетімен оқыса, Құранды толық хатым еткен бола ма? Рахмет. Ғани Арыстан

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құран Кәрімнің параларын бірнеше адам өзара бөлісіп, толық оқып аяқтаса, Құран Кәрім толығымен хатым етілген болып саналады.

Құран Кәрімді өзара бөлісіп оқуды Ислами әдебиеттерде «Идәратуль Құран» деп атайды. Бұлай істеу мубах. Имам Нәуәуидің осы жайында айтқан мынадай сөзі бар:

«Құран идарасы деген, ол – бір топ адам жиналып, бірі Құранның он бетін немесе бір парасын, яки, одан басқасын оқиды да (келген жерінде) тоқтайды. Кейін келесі адам оның тоқтаған жерінен жалғастырып оқиды. Одан соң келесісі оқиды. Бұл - рұқсат етілген жақсы амал. Имам Мәлик осы жайында сұраған адамға: «Оның ағаттығы жоқ» деп жауап берген»[1].   

Әрбіріне Құран хатымның сауабы беріле ме?

Хадистерде әлдебір жақсы іске қол ұшын берген адамның, сол жақсылықты істегендей сауап алатыны білдірілген. Мысалы бір сахих хадисте: «Кім бір жақсылыққа жол көрсетсе, ол да соны істеген адамның сауабындай сауап алады» делінеді[2]. Осыған орай, Құранның хатым етілуіне ат салысқандардың әрбірі сауапқа ортақ деуге негіз бар дейді кейбір дін мамандары.

Бұның мысалы, бірнеше адам жиналып майшамды жаққаны сияқты. Бірі жанар май алып келсе, екіншісі шамның пілтесін алып келеді, үшіншісі шишасын, ал төртіншісі оттық алып келіп, осылайша майшамды жақса, оның жарығынан бәрі пайдаланады. Біреуінің жарықтан пайдалануы екіншісіне кедергі емес. Әрқайсысы майшамды жалғыз өзі жаққандай жарығынан пайдалана алады. Құранды өзара бөлісіп оқулары да осыған ұқсас - сауабы бәріне ортақ дейді олар. 


[1] Имам ән-Нәуәуи: Тибян фи әдәби хамалатиль Құран.
[2] Сахих Мүслім: من دلّ على خير فله مثل أجر فاعله

Абдусамат Қасым