Құлақ неге шыңылдайды?
Құлақ неге шыңылдайды?
10 жыл бұрын 72413

Әссәләмуғалейкум!  Бір мақаладан оқыған болатынмын, құлақтын шыңылдауының өзіндік себептері бар деп. Және осыған қатысты хадистер келген екен. Сол туралы айтып берсеңіз. Рахмет. Айнель Бермағамбет

Саламатсыз ба! Оң құлағымыз шыңылдаса, біреу мені мақтап жатыр дейміз. Сол құлағымыз шыңылдаса, мені жамандап жатыр дейміз. Осының негізі дінде бар ма? Раушан

Уағалейкум ассалам! Кейбір хадис кітаптарында құлақтың шыңылдауына қатысты мынадай «әлсіз» риуаят келтіріледі. Онда Пайғамбарымыз (с.а.у.) былай деген екен: «Әлдекімнің құлағы шыңылдаса, мені еске алып, маған салауат айтсын. Және былай десін: «Уа Алла! Мені жақсылықпен еске алушыны сен де жақсылықпен еске ал!»[1].  

Аталмыш риуаятты хадис ғұламаларының кейбірі әлсіз десе, кейбірі мүлдем «ойдан шығарылған хадис» дейді[2]. Бірақ әл-Хафиз әл-Һәйсәми (р.а.) сынды алып хадисші аталмыш риуаятқа «хасан» деп, баға берген [3].

Осы риуаятта құлақ шыңылдаудың себебі – әлдебіреудің еске алуында жатыр дегенге ишара бар.  Әйтсе де, оның нақты себебін өзгенің мақтауынан немесе жамандауынан іздемей,  медициналық тұжырымдардан қарастырғанымыз дұрыс.

Қандай болғанда да, құлақ шыңылдаған кезде Пайғамбарымызға (с.а.у.) салауат айтып жатсақ, онымыз артық болмас. Ең дұрысы – Аллаға мәлім.

[1] Әл-Байхақи: әл-Даъауатул Кубра - №417 хадис.; Ат-Табарани: әл-Муъжамул Аусат - №9455, әл-Муъжаму ас-Сағир – 1101 хадис.
[2] Әл-Фәуәидул Мәжмуъати лиш-Шәукәни - №516 хадис.
[3] Әл-Хафиз әл-Һәсәми: Мәжмәъу әз-Зәуәид – Китабуль Әзкәр – 17142 хадис.

Абдусамат Қасым