Қолтырауынның еті адал ма?
Қолтырауынның еті адал ма?
2 жыл бұрын 3954

Ассаләмуғалейкум! Қолтырауынның еті халал ма? Нұрбол.

Бисмилләһир рахманир рахим

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Қолтырауынның еті жайында Ислам ғұламаларының арасында екі түрлі тұжырым бар. Бірінде – адал десе, бірінде – харам делінген. Харам деуші ғұламалардың қатары басым.

Харам деушілердің алдыңғы сабында Ханафи мәзхабы келеді. Ханафи мәзхабында қолтырауынның еті харам. Неге десеңіз, біріншіден – ол балықтектес су хайуаны емес, суда да, құрлықта да өмір сүретін хайуандар қатарынан.

Екіншіден – жыртқыш хайуандар санатында. Жыртқыш хайуанның еті Ислам дінінде адал емес.

Үшіншіден - жиіркенішті таза емес. Құран аятында: "Ол сендерге таза нәрселерді халал етіп, жаман (жиіркенішті) нәрселерді арам қылды» деп бұйырған. ("Ағраф", 157).

Ханафи мәзхабымен қоса, Шәфиғи және Хәнбәли мәзхабтарында да қолтырауынның еді харам.

Халал деушілер – Мәлики мәзхабындағылар. Құран Кәрімде: «Сендерге теңіз ауы халал етілді» - делінеді[1]. Аяттағы «теңіз ауы» сөзі балықтан өзге де су хайуандарының мағынасын қамтитындықтан, аяттың мәніне қарасақ суда өмір сүретін барлық хайуандардың еті адал болмағы ләзім дейді олар.

Тоқ етерін айтқанда, қолтырауын – жыртқыш хайуандар қатарынан саналатындықтан және болмысы жиіркенішті болғандықтан үш мәзхабта да еті харам. Жеуге жарамсыз.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] «Мәида» сүресі, 96 аят.

Абдусамат Қасым