Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бейнесін неге бейнелеуге болмайды?
Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бейнесін неге бейнелеуге болмайды?
11 ай бұрын 3059

Пайғамбарымыздың (с.а.у.) бейнесін неге бейнелеуге болмайды?

Әлхамдулилләһ. Уассаләту уассәләму аля Расулилләһ.

Бүгінде Ислам ғалымдарының басым көпшілігі бірауыздан ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың (с.а.у.) бейнесін бейнелеу харам деген тоқтам жасаған (саллаллаһу алейһи уә сәлләм). Неліктен?

Біріншіден, ойша суреттеп, әлдекімнің бейнесін ойша бейнелеуге тырысу, бәрібір дәл түпнұсқаға сәйкес болмайтындықтан, онысы белгілі деңгейде жалған болып есептеледі. Ал енді Мұхаммед пайғамбарға (с.а.у.) қатысты жалған мәліметтер тарату - Исламда ауыр күнә. Алла елшісі (с.а.у.) «мүтәуәтір хадистің» бірінде: «Кім менің атымнан әдейі жалған айтса, тозақтағы орнына дайындала берсін!» - деген. Сондықтан да, Мұхаммед пайғамбардың (с.а.у.) бейнесін бейнелеу харам делінген.

Екіншіден, ойша салынған жалған бейнені адамдарға ұсыну арқылы адамдардың назарында Пайғамбарымыздың (с.а.у.) өтірік бейнесін қалыптастыруға себепші болады. Оның үстіне, пайғамбарымыздың (с.а.у.) ойдан құрап салынған бейнесі кейбір адамдарға ұнауы мүмкін, кейбір адамдарға ұнамауы мүмкін. Бұл болса, адамдардың назарында Пайғамбарымыздың (с.а.у.) қадірінің төмендеуіне алып келеді. Дініміз  пайғамбарымызды құрметтеп, оны жақсы көруді бұйырады.

Үшіншіден, пайғамбардың бейнесі деп салынған бейне әлдебіреулер тарапынан түрлі мақсатта қолданылып кетуі мүмкін. Тіпті пайғамбар бейнесі деп, қарапайым халықты суреттің қасиеттілігіне сендіргісі келетіндер шығары анық, осылайша халықтың сенгіштігін пайдаланып, ақша істегісі келетіндер де табылары сөзсіз.

Төртіншіден, Мұхаммед пайғамбарымыз (с.а.у.) секілді адамзаттың асыл тәжі болып саналатын жанды қасиет тұтпайтын адам кемде-кем. Мұсылмандардың Пайғамбарымызға (с.а.у.) деген сүйіспеншілігі себепті, мұсылмандардың арасында оның бейнесіне сыйыну олқылығы да белен алмасына ешкім кепілдік бере алмайды. Ондағы бейне оның шынайы бейнесі болмағанымен, сол сурет арқылы Мұхаммед пайғамбарға деген махаббатымды нықтаймын деушілер пайда болуы мүмкін. Шайтан малғұн тыныш тұрмасы анық. Әйтеуір кісіні адастырар айла-тәсілдерге жүгінетіні белгілі. Сондықтан да, пайғамбардың бейнесі деп шыққан суреттер біраз жыл немесе ғасыр өткеннен кейін, үлкен адасушылыққа жол ашпасына ешкім кепілдік бере алмайды.

Міне осы сияқты себептерді назарға ала отырып, қазіргі таңдағы дін ғалымдары ардақты Мұхаммед пайғамбарымыздың мүбарак бейнесін бейнелеуге, тіпті оның рөлін көркем фильмдерде ашық түрде сомдауға үзілді-кесілді қарсы. Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

Абдусамат Қасым