Неге «бейуақта» ұйықтауға болмайды? Мұның шариғатта негізі бар ма?
Неге «бейуақта» ұйықтауға болмайды? Мұның шариғатта негізі бар ма?
6 жыл бұрын 48299

Неге «бейуақта» ұйықтауға болмайды? Мұның шариғатта негізі бар ма?

Қазақта «бейуақ» деп, күн қызарып батып, қараңғы түн әлі түсе қоймаған апақ-сапақ кезді айтады. Бұл – ақшам намазы мен құптан намазының арасындағы мезгілге тура келеді. «Қазақ ұғымында бейуақ ыңғайсыз уақыт. Бұл уақытта ұйықтауға қатаң тыйым салынған. «Іңірде жатқан ырыссыз қалар» деген  мәтел осыны айғақтайды.

Мұның шариғатта да негізі жоқ емес. Сахаба Әбу Һурайрадан (р.а.) жеткен бір «хадис шәрифте» былай делінеді:  

«Шынында Алла елшісі (с.а.у.) құптаннан алдыңғы ұйқыны ұнамсыз көретін әрі құптаннан кейін әңгіме-дүкен құруды ұнамсыз көретін»[1].

Хадистен де анық байқағанымыздай, Пайғамбарымыз ақшамнан кейін ұйықтауды хош көрмеген. Осыған орай, үш мәзхаб ғұламалары ақшам намазынан кейін ұйықтауды «мәкруһ» санаса, Ханафи ғалымдары «егер құптанға тұрғызатын адамы болса, ақшамнан кейін бір сәт ұйықтауына рұқсат» деп есептеген. Себебі, сахаба Абдулла ибн Омар құптанға оятуды сұрап, өзі ақшамнан кейін бір сәт мызғып алатын болған екен.

Бұнымен қатар, басқа бір «сахих хадисте» күн батқанда жер бетіне жын-шайтандар жайылатындығы айтылады. Қазақта мұны «іңірде шайтан көшеді» деп түсіндірген. Сол екі арада қараңғы түскенше біраз уақыт жас балаларды далаға жібермеуді қатаң ескерткен Алла елшісі. Ендеше, бейуақытта ұйықтамаудың бір мәні де осында жатуы мүмкін.   

Осы тұрғыда, қазақ ырымында «күнмен таласпа» деген сөз де бар. Бұл – күн батар алдын ұйықтамауды білдірсе керек. Бұған да қатысты діни негіздеме боларлықтай риуаяттарды кездестіруге болады. Мысалы, бір әлсіз хадисте: «Екінтіден кейін ұйықтаған әлдекімнің басы дел-сал болса, өзінен көрсін»[2], - делінген. Осыдан келіп, кей Ислам ғалымдары асыр намазынан кейін ұйықтауды жеңіл мәкруһ санайді.

Баршамызға Алла тәуфиқ берсін!


[1] Сахих Бұхари - №543 хадис.
[2] Имам Хайсәми: Китабут тыб. 8471 хадис. Әлсіз.

Абдусамат Қасым