Мұртты қырған дұрыс па, қысқартқан дұрыс па?
Мұртты қырған дұрыс па, қысқартқан дұрыс па?
6 жыл бұрын 17129

Мұрты қырып сақал қойған дұрыс па?

 

Ханафи мәзхабында «мұртты қырған дұрыс па, әлде қысқартқан дұрыс па?» – деген мәселеге қатысты екі ұдай тұжырым бар.

Ханафи мәзхабының белді ғұламаларынан Имам әл-Кәсәни р.а., Имам Мұхаммедтің «қажылықта мұртын алса...» деген сөзіне орай:

«Бұл –сөз мұртты қысқартуды меңзейді. Ендеше, мұртты – қыру емес, қысқарту сүннет», 

- деген.

Тіпті Имам Кәсәнидің тұжырымынша мұртты қыру, құдды сақалды қыру секілді бидғат әрекет[1]. Мәлики мәзхабы мен Шәфиғи мәзхабында да мұртты қырғаннан гөрі, қысқартқан абзал.

Мұртты жұқалап, қысқартудың сүннет екендігіне дәлел болатын ашық хадистер де жоқ емес. Сондай хадистердің бірінде Алла елшісі былай деген:

«Он нәрсе фытраттан (сүннеттен): Мұртты қысқарту (қоссу әш-шәриб), сақал жіберу, мисуакпен ауыз шаю, мұрынды сумен шаю, тырнақты қысқарту, саусақтар арасын жуу, қолтық жұлу, әурет жерді қыру және сумен іш дәрет алу»[2].

Екінші топ Ханафи ғалымдары бойынша, мұртты тақырлап алу - сүннет. Мәселен, Имам Тахауи р.а. мұртты тықырлап алудың сүннет екендігін көлденең тарта келе, үш имамның (Имам Ағзам, Имам Әбу Юсуф, Имам Мұхаммед) сөзі солай екендігін айтады. Алайда, ғұлама (Имам Тахауи) қысқартуды да жоққа шығармаған. Ол (р.а.) өзінің «Шарху Мааниль Әсәр» атты бағалы еңбегінде мұртқа байланысты хадистерді тізіп өтіп соңында былай деп қорытындылайды:  

«Мұртты қысқартқан – жақсы. Тықырлап алған – одан да жақсы. Бұл – Әбу Ханифаның, Әбу Юсуфтың және Мұхаммедтің жолы. Алла оларды рахымына бөлесін»[3].  

Сақалға келер болсақ, Ханафи ғалымдары бойынша, сақалдың бір тұтам ұзындықта болуы – сүннет[4]. Бір тұтамнан артығы алынады. 

Тоқ етерін айтқанда, мұртты қырып, тақырлап алуға да болады, қырмай тек жұқартып қысқартуға да болады. Дейтұрғанмен, таңдау мəселесіне келгенде жергілікті əдет-ғұрыпты да назарда ұстаған дұрыс болмақ.


[1] Әл-Кәсәни: Бәдәиғу – 3/226 бет.
[2] Сахих Муслим: №261 хадис; Әбу Дәуід: Сүнән - №53 хадис.
[3] Имам Тахауи: Шарху Мағанил Әсәр. «Китабуль Кәраһә». №6564.
[4] Әл Бахрур Раиқ, Хашяту Ибни Абидин – 3/20 бет; Фатхуль Бари, Бабу: тақлимуль азфар – 5892 хадис.;

Абдусамат Қасым