Мектепте сурет салуға міндеттейді. Бұған шариғи тұрғыда не дер едіңіз?
Мектепте сурет салуға міндеттейді. Бұған шариғи тұрғыда не дер едіңіз?
9 жыл бұрын 8284

Әссәләмуғалейкум! Бейнелеу пәнінің мұғалімі балдарға сурет сал деп жатыр. Сурет салу шариғатта рұқсат па?  

Уағалейкумәссәләм! Шариғатта жансыз заттардың суретін салуға рұқсат. Мысалы, табиғат, ғимарат, аспан әлемі т.б.

Ал, жанды заттардың суретін салуға келсек, ардақты Пайғамбарымыздың жанды заттың суретін салудан тыйғаны рас[1]. Дегенмен, хадистердің астарына үңіле келе, кейбір ғалымдар хадистегі тыйымды Исламның алғашқы кезеңдеріне жатқызса (яғни Политеизм* сенімінің қоғамда әлі толық жойыла қоймаған кезенге[2]), кейбір ғалымдар (Мәлики мәзхабы) қағаз, қабырға немесе мата сияқты тегіс заттың бетіне сурет салуды харам емес деп есептеген (мәкрүһ). Сондай-ақ, ұзаққа сақталмайтын материалдардан мүсін жасау да харам емес деп санаған[3].  

Ендеше, келтірілген деректерге сүйене отырып, бүгінде арнайы пән ретінде енгізілген мектептердегі бейнелеу сабағында мұғалім тапсырған (әдепке теріс емес) суретті салуға рұқсат деген қорытындыға келуге болады.

*Политеизм - көп құдайшылық сенімі


[1] Бухари мен Муслим риуаят еткен.
[2] Бұған байланысты Ханафи мәзһабының ғалымы Бадруддин әл-Айни «Сахих Бұхари» кітабына жазған түсіндірмесінде жоғарыдағы хадистерді назарға ала отырып, мынадай тұжырымды алға тартады: «Исламның әуелгі кезеңінде пұтқа табынушылық өз күшін әлі жоя қоймаған еді. Пайғамбарымыз барлық сурет атауынан, тіпті маталарға бейнеленген суреттерден де тыйды. Кейіннен «таухид» сенімі тамырын терең бойлаған соң, маталардағы суреттерге рұқсат берді. Маталардағы суреттерді қадірсіз жерлерде қолдануға рұқсат етті» 
[3]  Әл Маусуғатуль Фиқһия – 12/101 бет. Кувейт

Абдусамат Қасым