МАЛ СОЯРДА «БИСМИЛЛӘҺИР РАХМАНИР РАХИМ» ДЕП ТОЛЫҚ АЙТУ ХАРАМ ДЕЙДІ. ҚАНШАЛЫҚТЫ РАС?
МАЛ СОЯРДА «БИСМИЛЛӘҺИР РАХМАНИР РАХИМ» ДЕП ТОЛЫҚ АЙТУ ХАРАМ ДЕЙДІ. ҚАНШАЛЫҚТЫ РАС?
3 сағат бұрын 217

Ассаламуалейкум, ұстаз! Инстаграм желісінен бір видео көрген едім. Онда былай деп айтылады: «Бисмиллаһир рахманир рахим» деп айтуға харам болатын жер бар, ол — мал сою кезінде. Яғни, егер толық айтып жіберсеңіз, “Мейірімді Алланың атымен бастаймын” деп жанын алған болып саналасыз дейді. Сондықтан мал сойғанда тек «Бисмиллаһ, Аллаһу әкбар» деп айту керек екен. Алтынбек.

Уағалейкумуссәләм!

Құрметті сауал жолдаушы!

Мал соярда Алланың атын айтып сою парыз, ал соярда «Бисмилләһи, Аллаһу әкбар!» деу сүннет немесе мұстахаб (яғни, дәл осы сөзді қолдану ұнамды). Алла Тағала Құранда: «Оларды (құрбан малдарын, түйе т.б.) қатар-қатар тізіліп тұрған кезде Алланың есімін атап (бауыздаңдар)» деп бұйырады1. Ендеше, мал соярда «Алланың есімі» аталса, парыз орындалған болады. Сондықтан да, Ханафи ғалымдары:

«Мал бауыздар сәтте айтылатын сөз дұға мазмұндас болмаса болды, таза Алланың есімі аталса, шарты орындалған болады, тіпті «әлхамдулилләһ», «сүбханаллаһ» деп «Алланың есімімен бастау ниетімен айтса, ол да жарайды» деген, алайда, мысалы, жай түшкіргені үшін әлхамдулилләһ десе, ол бисмилләның орнын баспайды, бисмилләһ ниетімен айтылу керек2.

Өйткені, «әлхамдулилләһ», «сүбханалла» сөздері бұл мәселеде «киная» (екі мақсатта да қолданылатын сөз), сондықтан да мал соярда «бисмилланың» орнына айтқан болса, "Алланың атын айтып сою" мақсатта айтылған болу керек.

«әл-Жәуһара» атты, «Құдури» кітабының шархында авторы мынадай мәтін келтірген:

بِسْمِ اللَّهِ اللَّهُ أَكْبَرُ بِدُونِ الْوَاوِ وَإِنْ قَالَ: بِسْمِ اللَّهِ الرَّحْمَنِ الرَّحِيمِ فَهُوَ حَسَنٌ

«Бисмилләһи, Аллаһу әкбар деп «уау» әріпінсіз айтылады. Және егер мал соярда «бисмилләһир рахманир рахим» десе, ол жақсы нәрсе»3.

Яғни, мал соярда "бисмилләһир рахманир рахим" деп толық айтуды харам деу былай тұрсын, "жақсы нәрсе" деп отыр.

Негізі мал сою ол қатігездік емес. Малды сою қатігездікке жатпайды. Еті адал малдар - адамдарға қорек болсын деп жаратылған. Оны тірідей жей алмайтынымыз анық және арам өлтіріп те жеуге болмайды, оның ең пайдалы жолы және ең мейірімді жолы - бауыздап қанын ағызу. Сондықтан да, мейірімді Алланың атымен деп айтып бауыздаған кезде, қатыгездікті емес, керісінше екі нәрсені ұғындырып тұр:

  • Осы ризықты беруші мейірімді Алла екенін.

  • Сол ризықты бізге бағындырып қойған мейірімді Алла екені.

Қорыта айтқанда, "мал соярда бисмилләһир рахманир рахим деп айту харам" деген сөздің негізі жоқ және ешқандай фиқһи қағидаға сыймайтын сөз. Мәлики және Ханбали мәхабтарында мал бауыздау сәтінде «бисмиллаһир рахманир рахим» деп толық айтпаған жөн, ал Ханафи мәзхабында олай толық айта беруге болады.

Аллаһу аъләм! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин!

1Құран Кәрім, «Хаж» сүресі, 36 аят.
2Имам Хаскәфи: «әд-Дуруль Мұхтәр». Мал бауыздау тарауы.
3Әбу Бәкір әл-Хаддад: «әл-Жәуһәрәтун Нәйиро аля Мұхтәсариль Құдури». Аң аулау және мал бауыздау тарауы.

Абдусамат Қасым