Крематоридің шариғаттағы үкімі. Адам денесін өртеуге бола ма?
Крематоридің шариғаттағы үкімі. Адам денесін өртеуге бола ма?
4 ай бұрын 1622

Әссаламуғалейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ! Шариат бойынша қайтыс болған мұсылманды жерлемей өртеуге бола ма?

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Шариғат бойынша адам баласының денесін өртеу - ауыр күнә, харам іс. Мейлі мұсылман болсын, мейлі өзге дін өкілі болсын, денесі жер қойнауына тапсырылуы тиіс.

Мәйітті жер қойнауына тапсыру дәстүрі бірінші Адам атадан бері жалғасып келе жатқан дүние. Адам атаның ұлы Қабыл өзінің інісі Әбілдің жетістігін көреалмай, қызғаныштан оны өлтіріп қойғанда, ол (Қабыл)өкініп, Әбілдің өлі денесін не істейтіндігін білмей басы қатады. Сонда, Алла Тағала бір қарғаны жібереді. Қарға басқа бір өлген қарғаның денесін жерді қазып көмеді. Мұны көрген Қабыл «мен, мына қарға құрлы болмадым-ау» деп, жерді қазып, інісін жерлейді1. Содан бері адамның мәйітін жерге тапсыру - өзгермес үрдіс болып қалыптасты. Ал мәйітті отқа тастау әдеті кейіннен пайда болған нәрсе. Бірақ әр кезеңде Алла тағала пайғамбарлар жіберіп, олардың бәрі мәйітті жерге көму жоралғысын өз халқына үйретіп келді.

Мәйітті отқа тастау әдеті, о баста - о дүниедегі Құдайдың азабынан құтыламын деген түсініктен пайда болған. Алайда, кісінің денесі өртеніп күл болса да, тіпті жыртқыш хайуандар жеп кетсе де Құдайдың азабынан құтылмақ емес.

Осы тұрғыда жұқпалы аурумен ауырған адамның өлі денесін өртесе бола ма, деген сауал ойға оралады. Бұған қатысты дін ғалымдарымыз үзілді-кесілді қарсы. Себебі, жұқпалы аурумен ауырған адамның өлі денесін арнайы табытқа салып жерге көму амалы да бүгінде практикада бар. Осындай амал бар да, өртеу ісіне жүгінген дұрыс емес дейді олар.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин! 


1Құран Кәрім: «Мәида» сүресі, 27-31 аяттар.

Абдусамат Қасым