Ассаламуәлейкум! Исламда энергетикалық сусындарды ішудің үкімі қандай? Әділ.
|
Исламда энергетикалық сусындардың үкімі қалай?
|
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Исламда энергетикалық сусындар құрамына қарай және денсаулыққа тигізер әсеріне қарай қарастырылады.
Біріншісі - құрамына харам заттар қосылған энергетикалық сусындардың үкімі – харам. Мысалы, желатин, спирт қосылған т.б. мұндай энергетикалық сусындарды ішуге болмайды.
Екіншісі – құрамында харам заттар болмаса да денсаулыққа зиян екендігі анықталған энергетикалық сусындар. Бұларды ішу харам не харамға жақын мәкруһ. Өйткені, қағида бойынша: «ад-Дарару юзәл! – Залал кетірілу керек!». Исламда адам өмірімен қатар денсаулығы да аманат. Ал залалды заттарды өз еркімен ішіп, денсаулығына зиян келтіру харам болмақ. Құранда: «Өз қолдарыңмен өздеріңді қатерге итермелемеңдер» - деп бұйырады1.
Үшіншісі – зияны анықталмаған және құрамында харам заттар жоқ энергетикалық сусындар. Бұларды ішу – мубах, бірақ көп ішу - мәкруһ, яғни, тым әуестеніп ішпеген абзал деген сөз.
Қосымша Ханафи ғалымы Ибн Ғабидиннің айтқан мына екі ережені бере кетелік, бұл бізге бүгінгі тақырыбымызды аша түседі деген ойдамыз:
«Біріншісі - «Әр пайдалы нәрсенің үкімі – рұқсатқа байланған» деген қағида. Екіншісі – «Әр зиянды нәрсенің үкімі – харамға байланған» дейтін қағида»2.
1Құран Кәрім: «Бақара» сүресі, 195 аят.
2 Әл-Фәтәуә әл-Хамидия – мәсәилун уә фәуәидун шәтта – шурбуд духан.