Ассалямуалейкум! Ғайбаттаған кісі қайтыс болып кетсе, ол кісіден кешірім сұрау мүмкін болмайды. Оның есебі қияметке қала ма? Бір кісіні ғайбаттағаныңды (ғайбат екенін) білмей, кешірім сұрамаған болсаң, оның да есебі қияметте шешіле ме?
Ғайбат еткен кісісі қайтыс болса, ғайбаттың өтемі қалай болады?
|
Бисмилләһир рахманир рахим
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Біреуді жамандап, оның артынан ғайбат айту ауыр күнә. Құран Кәрімде ғайбат айтудың дін бауырының етін жеумен бірдей деп сипаттаған[1]. Ғайбаттың өтемі – ғайбаттаған адамы үшін Алладан жарылқау тілеп, намаздарында оған жақсы дұғаларда болуы. «Шынында жақсылықтар – жамандықтарды кетіреді» делінген аятта[2].
Ендігі жерде ғайбат еткен кісісі қайтыс болып кетсе, оның өтемі қалай болмақ?
Алдымен АллаТағаладан кешірім тілеп, кейін мархұм үшін Құдайдан жарылқау сұрап, оның о дүниедегі жағдайы үшін дұға-тілекте болғаны жақсы. Жақсылықтар жамандықтарды жояды. Мысалы, Құран бағыштап тұрса болады немесе шамасына қарай бес-он тиін садақа берсе де артықтық етпейді. Мархұмның артынан жақсы дұғаларда болуы – оның артынан жасаған ғайбаттың өтемі болады деген үміт бар.
Алла Тағала баршамызға тауфиқ бергей!
[1] «әл-Хужурат», 12 аят.
[2] «Һуд» сүресі, 114 аят.