Емтиханда шпаргалка қолдану күнә ма?
Емтиханда шпаргалка қолдану күнә ма?
10 жыл бұрын 8909

Әссәләмуалейкум! Бір қарындасымыздың сауалы: "Емтиханға шпаргалкамен кірсе бола ма?" Мәдияр.

Уағалейкумәссәләм!
Емтиханда шпаргалка қолдануға бүгінгі дін мамандары үзілді-кесілді қарсы. Олардың пайымдауынша, ол нәрсе қулық пен айлакерліктің бір түрі. Пайғамбарымыз: «Өтірік алдаған бізден емес»[1], - деген. Шындық қай кезде де мұсылманның негізгі қасиеті болуы тиіс.  

Бұнымен қатар, әркім дайындығына сай бағаға ие болуы - әділдік. Уақытысында сабаққа көңіл бөлмей, қызық қуып жүрген студент шпаргалканың арқасында, талапты студентпен тең немесе кейде одан жоғары бағаға қол жеткізуі - оған көрсетілген әділетсіздік болмақ. Алла тағала Құран Кәрімде: «Білгендер мен білмегендер тең бе?»[2], - деп бекер айтпаса керек.   

Сондықтан қарындасымызға айтарымыз шпаргалкаға жүгініп, айлакерлікке барғаннан гөрі, барынша емтиханға дайындық жасап, нәтижесін Алладан күткені жөн.

[1] Сахих Муслим من غشنا فليس منا
[2] Зүмәр сүресі, 9-аят.

Абдусамат Қасым