Дұрыс амандасып жүрміз бе?
Дұрыс амандасып жүрміз бе?
4 жыл бұрын 70956

Ассаләму алейкум уа рахматуллаһи уа баракатуһ!

Сұрағым: “Саламалейкум” деп амандасып тұрған танысыма қасымдағы қыз “өлім тілеп тұрсың” деп зекіп тастады. Қаншалықты дұрыс әңгіме? Оның амандасуында қателік бар ма? Алтынай.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Мұсылманша амандасу үрдісі – қазақтың ертеден бері қалыптасқан амандасу тәсілі. «Ассаләмуғалейкум», яғни, «саған есендік болсын» деуден тұратын бұл амандасу тәсілі, асылында, тек амандасу ғана емес, қарсы алдыңдағы кісіге жақсы тілек-дұғада болуды да білдірмек. Сол үшін амандасқанда "Сәләм" сөзін анық әрі дұрыс айтқанымыз абзал. Өкінішке орай, көп жағдайда, әсіресе жастар жағы мұсылманша амандасу сөзін бұзып айтатынын жиі байқап жатамыз. Осыған орай, төмендегі мұсылманша амандасу тәсілінің дұрыс үлгілері мен бұрыс үлгілерін беріп отырмыз:

Амандасудың дұрыс үлгілері

1. «Салам алейкум». Бұл үлгіде «Сәләм» сөзі ашық айтылып тұрғандықтан, әрі мағына бұзылмағандықтан бұлай амандасудың ағаттығы жоқ. Дегенмен, бұдан гөрі келесі үлгілерді таңдаған абзалырақ деген ойдамыз. 

2. «Сәләмун алейкум» ( سلامٌ عليكم). Бұл үлгідегі сәлемдесу түрінде «Сәләм» сөзі араб тілі грамматикасындағы «әл» артикльсіз дыбысталуда. Бұлай сәлемдесудің де әбестігі жоқ. Мағынасы бұзылмайды. Алла елшісінің де (с.а.у.) кейде осы үлгіде амандасқандығы хадистерде айтылған. Оның үстіне Құран аяттарында да осындай амандасу үлгісі келтірілген[1].

3. «Сәләм» (салам, сәлем) немесе «әс-Сәләм». «Сәләм» деп қысқаша айтуды кейбір дін мамандары әбес санағанымен, олай амандасудың ағаттығы жоқ деп есептейтіндер жоқ емес. Өйткені, Құран Кәрімнің «Зәррият» сүресінде Ибраһим пайғамбардың  (ғ.с.) үйіне келген періштелер жайында баян етіледі. Сонда періштелер Ибраһим пайғамбардың үйіне кіріп: «Сәләмә» дейді. Ибраһим пайғамбар оларға жауап ретінде: «Сәләмун» деп айтады[2]. Осыдан келіп, «Сәләм» немесе «әс-Сәләм» деп қана айтудың ағаттығы жоқ дейтіндер бар. Осы тұрғыда қазақ жастары арасында өзара "Сәлем" деп амандасу тәсілі де осыдан шыққан.

4. «Ассәләму ғалейкум» немесе «Әссәләму ғалейкум» (السَّلامُ عَلَيْكُمْ). Мұсылманша амандасудың ең көп қолданатын әрі ең абзал үлгісі осы делінген. Бұл үлгіде «Сәләм» сөзі «әл» артиклімен дыбысталып: «Әссәләму ғалейкум» түрінде келіп отыр. 

Аталмыш үлгілердің қай-қайсысына болса да естіген адам жауап берерде - «Уағалейкум әс-Сәләм» немесе «Уағалейкумуссәләм» дегені дұрыс болады.

Амандасудың бұрыс үлгілері 

Халық арасында қолданылып жүрген, бірақ өзгеріске ұшырап қате айтылып жүрген мұсылманша амандасу түрлері төмендегідей:  

1. «Саумалейкум».    

2. «Әссәму алейкум». (Тіпті, бұл жерде «әс-Сәму» сөзі араб тілінде «өлім» деген мағынаны білдіретіндіктен, бұлай амандасудың қаншалықты қате екендігін топшылау қиын емес, бұлай амандасқан яһуди дініндегілерге Пайғамбарымыз "уағалейкум!" деп қысқа жауап беретін).

3. «Ассалаумағалейкум». Бұлай сәлемдесуді мұсылманша амандасудың қазақша нұсқасы десек болады. Өйткені осы үлгі қазақ халқы арасында кеңінен тараған. Дегенмен, бұл үлгіде "м" әріпі мен "у" әріпінің орны ауысып кеткендіктен аздап қате екендігін айтпай кетуге болмайды. Мұсылманша амандасудағы мақсат - «есендік» деген мағынаны білдірер «әс-Сәләм» сөзін жеткізу десек, амандасудың бұл нұсқасында «Сәләм» сөзі қате дыбысталуда. Дұрысы: "АссаләМУ ғалейкум" болмақ (Ассаләмуғалейкум).

Қорыта айтқанда, «сәлемі түзудің әлемі түзу» деп атам қазақ айтқандай, сәлемімізді дұрыс үлгіде айтып жүрсек адамдар арасында береке туып, өзара қарым-қатынастары жақсара түсеріне бек сенімдіміз.

Алла баршамызға жақсылығын бергей!


[1] «Нәхл» сүресі, 32 аят.
[2] «Зәррият» сүресі, 25 аят.

Абдусамат Қасым