Дұғам қабыл болмай жатыр. Не істеу керек?
Дұғам қабыл болмай жатыр. Не істеу керек?
2 жыл бұрын 4800

Сәлеметсіз бе! Сұрайын дегенім, қанша дұға жасасам да қабыл болмай жатыр. Дұға қабыл болу үшін не істеу керек? Анон.

Бисмилләһир рахманир рахим

Құрметті сауал жолдаушы, дұғаның қабыл болуының бір шарты – асықпау[1], екінші шарты – қабыл боларына сену[2]. Пенде асыққанымен, Жаратушы асықпайды. Адам баласы өте асығыс. Біздер тілеген нәрсеміз бірден бола қалғанын қалаймыз.

Алайда мына нәрсені ұмытпауымыз керек: тілеген дұғамыз – біз қалаған уақытта емес, Құдай қалаған уақытта қабыл болады және ол біз қалаған сипатта емес, Алла Тағаланың біз үшін қайырлы деп шешкен сипатта қабыл болады. Осыны есте сақтағанымыз жөн. Атақты хәкім Ибн Атаулла әл-Искендәри өзінің даналық сөздерінде былай дейді:

«Табанды түрде дұға тілесең де тілеген нәрсеңнің кешігіп жатуы, сені үмітсіздікке жетелемесін. Алла Тағала дұғаңды қабыл етеріне кепілдік берген. (Бірақ тілеген нәрсең) Сенің өз жаныңа қалағаныңдай сипатта емес, Оның сен үшін таңдаған сипатта орындалады және сенің қалаған уағыңда емес, Оның қалаған уақытында жүзеге асады»[3]. Хәкім Ибн Атаулла әл-Искендәри

Пайғамбарымыз (с.а.у.) дұға үш сипатта қабыл болатындығын білдірген:

1) Тілегеніндей болады.

2) Немесе тілеген нәрсесіндей көлемде басына келуі мүмкін жамандықты бейтарап етеді.

3) Не болмаса, тілеген нәрсесінің көлеміндей күнәсін жояды[4].

Сол себепті жасаған дұғамыз уақытында орындалмай жатса, оған қапаланбай, үмітсіздікке бой алдырмай, қабыл боларына сеніп, Құдайдың қалауына қалдырған жөн екен. Құдай Тағала біз үшін пайдалысы қай уақыт болса, сол уақытта орындайды және біз үшін қандай сипатта тиімды болса, сол сипатта жүзеге асырады. Былай да, олай да, жасаған дұғамыз құр кетпейді.

Алла Тағала жасаған дұға тілектеріңізді қабыл етсін! Әлхамдулилләһи Раббиль аләмин! 


[1] لا يزال يستجاب للعبد ما لم يدع بإثم، أو قطيعة رحم وما لم يستعجل، قالوا وما الاستعجال؟ قال يقول: قد دعوت وقد دعوت فلم أر يستجاب لي، فيستحسر عند ذلك ويدع الدعاء. (Имам Тирмизи: «Сүнән»)
[2] «Алла Тағалаға дұға еткенде «қабыл болады» деген яқин сеніммен дұға етіңдер...». (Имам Тирмизи: «Сүнән»).
[3] Ибн Атаулла әл-Искәндәрия: «әл-Хикәмуль Ъатайя». Алтыншы сөз. (Араб тілінде). 

Абдусамат Қасым