Дінде тірі жанның суретін салуға болмайды, ал анимация және мультфильм жасаудың үкімі қалай?
Дінде тірі жанның суретін салуға болмайды, ал анимация және мультфильм жасаудың үкімі қалай?
3 жыл бұрын 5827

Ассаләмуғалейкум! Дінімізде жанды нәрсенің суретін салуға болмайтыны белгілі, мультфильмдер мен анимациялардың үкімі қандай? Нұржігіт.

Уағалейкумуссәләм, Нұржігіт!

Дінімізде жанды заттың суретін салуды біраз Ислам ғалымдары мүлдем болмайды, харам десе, кей мәзхаб ғалымдары көлеңкесі жоқ жәй суреттерді салу харам емес деген тоқтам жасаған. Бірақ, сурет салуды немесе мүсін жасауды харам дейтін ғалымдардың өздері, балалар ойыншығын жасауды және үйде ойыншықтардың болуын әбес санамаған[1], өйткені, бір сахих хадисте Айша анамыздың қуыршақтары болғандығы айтылады және жалпы сахабалар өз балаларын ойыншықтармен ойнататындықтарын сахих хадистерден байқау қиын емес[2].

Ендігі жерде, анимация және мультипликация саласына қатысты бүгінгі дін мамандарының көпшілігі оңды көзқараста. Бастысы – мұсылманшылыққа теріс дүниелерді насихаттамайтын, тәрбиелік мәні бар, пайдалы дүниелерді қамтыған болуы тиіс. Балаларға пайдалы мультфильмдерді жасау да балалар ойыншығын жасаумен парапар. Осы жөнінен алғанда, мультфильмдерді жасаудың үкімі мубах деуге болады. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Әл-Маусуғатуль Фиқһия – 12/112 бет. Кувейт.
[2] Имам Бұхари: "Сахих Бұхари". №1960; №6130.

Абдусамат Қасым