Дінде ер адамдардың бір-бірінің беттерінен сүйіп амандасуларына бола ма?
Дінде ер адамдардың бір-бірінің беттерінен сүйіп амандасуларына бола ма?
7 жыл бұрын 9673

Әссәләмуғалейкум! Ер адамдардың бір-бірінің беттерінен сүйіп, амандасуларына бола ма? Жандос.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Деректерге қарағанда, Имам Ағзам Әбу Ханифа (р.а.) және оның шәкірті Имам Мұхаммед бойынша, ер адамдардың бір-бірін беттерінен сүйіп немесе құшақтасып амандасулары – мәкруһ. (Имам Әбу Юсуф бойынша, рұқсат)[1]. Хадис кітаптарында орын алған хадисте бір кісі Пайғамбарымыздан (с.а.у.):

- Я, РасулаЛлаһ! Бізден біріміз туысын немесе досын кездестіргенде оған иіле ме? - деп сұрайды.

- Жоқ. – деп жауап береді Пайғамбарымыз (с.а.у.).

- Құшақтап, сүйе ме? – дейді.

- Жоқ.

- Қолын алып, амандаса ма?

- Иә. – деп жауап береді Алла елшісі[2].

Әйткенмен, көптен көріспей, алыс сапардан оралған жора-жолдастарымен, жақын таныс дін бауырларымен төс қағысып, құшақтап амандасуы, тіпті бетінен сүюі де күнә емес. Себебі, риуаяттарға қарағанда Жағфар ибн Әби Талиб (р.а.) Эфиопиядан келген тұста Алла елшісі оны құшақтап, екі көзінің ортасынан (маңдайынан) сүйген екен[3].

Сондай-ақ, Пайғамбарымыздың асырап алған азатты құлы Зәйд ибн Хариса Медине шахарына келген кезде де, Алла елшісі орнынан тұрып, оны құшақтап, бетінен сүйіп қарсы алған екен[4].

Бұнымен қатар, Имам Табаранидің хадистер жинағында сахаба Әнәс ибн Мәліктің мына сөзі риуаят етілген:

«Сахабалар бір-бірлерімен ұшырасқанда қол алысып амандасатын. Ал, сапардан келген кездерінде құшақтасып амандасатын»[5].

Осыған орай, Имам Нәуәуи былай дейді: «Құшақтасып, беттен сүю - бала мен сапардан оралған адамнан өзгеге мәкруһ»[6].

Одан бөлек, әкесін, аға-інілерін, балаларын беттерінен сүюге және құшақтауға рұқсат. Сондай-ақ, қария кісілердің, үлкен дін ғұламаларының қолдарын сүюдің де күнәсі жоқ. Алайда, байлығы үшін немесе дүниелік мәртебесі үшін әлдекімнің қолын сүю – харам делінген[7].


[1] Әл-Кәсәни: Бәдәиғу – 6/498 бет.
[2] Имам Тирмизи: Сүнән; Имам Ахмад: Мүснәд. Әнәс ибн Мәлитен риуаят етілген.
[3] Әл-Кәсәни: Бәдәиғу – 6/498 бет.
[4] Имам Тирмизи: Сүнән - №2732 хадис.
[5] Табарани: Муъжәмуль Әусәт.
[6] Имам ән-Нәуәуи: әл-Әзкәр.
[7] Мулла Алиюль Қари: Мирқат - №4680 хадис түсіндірмесі. 

Абдусамат Қасым