"Атасы бөлек, аттан түс" деген түсінік дінімізге қайшы ма?
"Атасы бөлек, аттан түс" деген түсінік дінімізге қайшы ма?
2 жыл бұрын 4766

Ассаламуалейкум! Көкейде көптен мазалап жүрген бір сұрақ бар еді. Ел ауызында мынадай әңгіме бар: «Жау қуып келе жатқан батыр алдынан ағалап шыққан інісін көріп "Атасы бөлек аттан түс, атасы бір атқа мін" деп өз туған баласын тастап, артына інісін міңгестіріп әкетіпті», - делінеді әңгімеде. Сонда әлгі батыр "Басым аман болса, қатын табылар, қатын табылса бала табылар, іні қайдан табылар" деген екен. Әрі осы әңгімедегі әрекет туыстықтың ең шыңы, ең  көркемі ретінде бағаланады. Сонда дейімін да, әкеге баланы асырап-бағу парыз болса, іні қалайша баланың алдына шығып тұр?! Сұрақ: шариғатта қайсысына бірінші көмек қолын созған абзал сонда? Осыны бір ашып берсеңіз, рахмет! Дәулетбай.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Өзіңіз айтқандай қазақ халқында «Атасы бөлек, аттан түс!» деген сөз бар. Мұның астарында - бауырын баласынан артық көру, оны баласынан бір саты жоғары санау түсінігі жатыр. Ол - жақсы нәрсе. Дінге терістігі жоқ.

Және де аталмыш сөзге қатысты тарихта айтылатын мысалды емес, сөздің өзін, одан туындайтын түсінікті, астарындағы мән-мағынасымен, ондағы тәрбиелік мәнін ойлау керек. Маңыздысы бұл сөзбен байланыстырылып айтылатын тарихи оқиға емес. Маңыздысы - біздің қазақ ұлтында осындай түсініктің бар болуы. Яғни, бауырды баладан артық көру түсінігі. Бұндай түсінік бауырлар арасындағы байланысты бекем ұстайды. Туыстық байланысты нығайтады. Өйткені бала ренжісе, айналып сізге қайтып келеді. Ал бауыр бір сөзден бөтенсіп кетуі ғажап емес. Сондықтан да, бауырды баладан артық санаған. Бұндай түсініктің дінге терістігі жоқ. Және де өзіңіз айтқандай баланы асырап-бағудың әкеге міндет болуы да, әлгі аталы сөзге қайшы емес.

Бүгінде көбіне балаларымызға, жанұямызға көбірек жақын болып, ал туыстар арасы байланысымыз ұзап жататын кездер орын алып жатады. Қазір біздің қоғам қазақилығын жоғалтып, европалық түсінікке бейім болып бара жатқаны байқалады. Ал қазақ: «атасы бөлек, аттан түс» дей келе, бауырды әмәнда артық санаған. Басқа бір сөзінде: «Әйел жолда. Бала белде. Бауыр қайдан табылады?!» дейді. Қандай керемет сөз! Тұнып тұрған даналық...

Тоқ етерін айтқанда: «Атасы бөлек, аттан түс» деген аталы сөздің төл дініміз болып саналатын Ислам дініне ешқандай қайшы тұсы жоқ. Бұл қайта төл дініміздегі «сыйла-и рахм», яғни, «туыстық байланысты үзбеу» бұйрығымен ұштасады.

Ең дұрысы - Аллаға мәлім!

Абдусамат Қасым