Әртүрлі тақырыпқа қатысты үш сұрақ
Әртүрлі тақырыпқа қатысты үш сұрақ
18 күн бұрын 1316

- «Алла» т.б. сол сияқты арабша, қазақша діни жазулары бар қағазды қоқысқа тастауға болмайды ғой, ал макулатураға өткізсе бола ма? Жалпы ондай қағаздардан қалай құтылған жөн? 

Діни жазулары бар қағаздарды қоқысқа тастауға және аяқасты қылуға болмайды. Ондай қағаздарды өзіңіз айтқандай макулатураға өткізуге болады немесе өртеп жіберсе де қате емес, көмсе де болады. 

- Суреті бар бөлмеде Құран оқылса, намаз оқылса сауабы кемиді ме? 

Суреті бар бөлмеде Құран оқудың күнәсі жоқ, сауабы кемімейді. Бірақ жанды заттың суреті ілініп тұрған үйге рахым (мейірім) періштелері кірмейтіндігі хадистерде айтылады. Сондықтан да, мүмкіндігінше үйде тірі заттың суретін ілмеген абзалырақ. Осы тұрғыда, тірі заттың суреті бар бөлмеде намаз оқу мәкруһ, соған орай тірі жанның суреті ілініп тұрған бөлмеде оқылған намаздың сауабы кемиді деуге негіз бар. Аллаһу аъләм.

- Егер мәзи тиген киімді ысқылап тазаласа намазға жарай ма?

Ханафи мәзхабында «мәзи» нәжістер қатарынан саналады. Сондықтан да, көлемі алақанның ойығынан көп мәзи намазға кедергі, оны үйкелеп кетіру жеткіліксіз (мәниді болады). Аз көлемдегі нәжістің намазға кедергісі жоқ. Бірақ жиналып көлемі көзөлшеммен алақан ойығындай, не, одан көп болса, намазға кедергі.

Абдусамат Қасым