Әртүрлі тақырыпқа байланысты 4 сұрақ
|
- Менің қызым ДЦП-мен ауырады, жағдайға байланысты жұмысқа шыға алмаймын. Қызымның кейбір дәрілерін кредитке ақша алып, солай қамтамасыз етіп жатырмын. Енді басқа қалаға дәрігерге апаруым керек. Ол үшін кредит алсам харам бола ма? Жалпы қызымды кредитке ақша алып емдеткенім дұрыс па, егер жұмысқа шығып табыс таба алмаса? Гуля.
- Қарызға алатын ешкім болмаса, амал жоқ кредит алуға тура келеді. Өйткені емдету де зәрулік. Құранда Алла Тағала: «إِلَّا مَا اضْطُرِرْتُمْ إِلَيْهِ» деген. Оның мағынасы: «Бірақ егер шарасыз болсаңдар ол басқа...»[1]. Шарасыз жағдайларда харам нәрселер «халал» үкімін алады. Бірақ алдымен, қарызға сұрайтын жерлер болса, сұрап көріңіз. Қарызға беретін ешкім табылмаса, кредитке жүгінерсіз.
- Намаз оқып жатканда мысық қолыңды жаласа дәрет бұзыла ма? Таңшолпан.
- Мысықтың сілекейі таза. Сондықтан да, намаз оқып тұрған кезіңізде, қолыңызды жаласа, оған дәрет те, намаз да бұзылмайды. Пайғамбарымыз (с.а.у.) мысықтарды «тәууәф», яғни, "үйдің ішін кезіп жүруші" деп атап, ол тиген ыдыс-аяқтың былғанбайтындығын меңзеген[2].
- Баланы жалаңбас жалғыз отырып емізуге бола ма? Бір ырым бар екен, егер жалаңбас емізсең, шайтан баланың тамағына шаш қосып береді екен. Маржан.
- Баланы жалаңбас емізудің ағат тұсы жоқ. Мүмкін болса дәретпен емізген абзал, дегенмен ол да шарт емес. Ал, өзіңіз айтқандай «шайтан шаш қосып береді» деген жай сөз, негізі жоқ ырым.
- Абысынға жакында ресейде тоқ ішегіне операция жасалынған болатын. Енді асқазаны жұмыс жасап кете алмай тұр дейді. Врачтар вино ішуге кеңес берген екен. Құрамында бір рецептрлерді оятатын қасиеті бар-міс. Енді осындай жағдайда вино ішу харам ба? Үкімі қандай? Гауһар.
- Құран Кәрімде шарапты «лас» деп, дініміз оны лас нәрселер қатарынан санаған. Шарап ішу харам. Сол себепті, науқас кісі адал дүниелерден ем іздегені жөн. Мысалы, шарап ішкеннен гөрі, саумал ішсе болады. Саумал асқазанға бірден-бір ем.
Ең дұрысы - Аллаға мәлім!
[1] Құран Кәрім: «Әнғам» сүресі, 119 аят.
[2] Тирмизи: Сүнән