Үйге шырша (ёлка) құруға бола ма? Оған шариғат қалай қарайды?
Үйге шырша (ёлка) құруға бола ма? Оған шариғат қалай қарайды?
9 жыл бұрын 48383

1.Сұрақ.Әссәләмуғалейкум! Үйге шырша құрып қойса, күнә бола ма? Осы сұрақтың жауабын мақала етіп шығарсаңыздар! Алла разы болсын. Батырбек

2.Сұрақ. Сәлеметсіздер ме! Үйге шырша (ёлка) құруға бола ма? Тойлау мақсатында емес, жалпы құрып қою Исламда қалай болады екен? Шынар

Уағалейкум әссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Жалпы алғанда «шыршаны» құрмет тұтып, ұлықтау әдеті көне заманда өмір сүрген біршама халықтың салтында бар-тын. Мысалы, көне Грецияда шырша аңшылық құдайы Артемидтің қасиетті ағашы ретінде есептелсе, «Ханты» халқы жаңа жылда шыршаға арнап, құрбандық шалатын болған. Ал, «Удмурт» халқы шыршаға мінәжат етіп, оған  балауыз шам жағатын. 

(Хантылар, хантэлер — Ресей Федерациясындағы халық. Удмурт – Удмурт афтономиялық республикасының халқы. РФ.).

Дегенмен, жаңа жылда шыршаны безендіру дағдысы сонау ескі герман халқынан бастау алады. Олардың түсінігінде шырша орманның ханшайымы деп есептелетін. Жаңа жылда орманға барып, алдын-ала таңдап алынған шыршаға түрлі түсті шүберектер байлап, оны балауыз шамдармен (свеча) безендіретін болған. Сосын сол шыршаның қасында діни рәсімдерін орындайтын.  Уақыт өте келе, шыршаны орманда емес, үй ішіне құру әдетке айнала бастаған.

Кейіннен христиан діні келіп, христиан сенімі неміс халқының арасына жайыла бастасымен,  шыршаны қасиет тұтудың астарындағы мәні де аздап өзгере бастады. Бұдан былай шырша тек жаңа жылдың ғана емес, христиан дініндегі «рождество» мерекесінің де нышанына айналды. Осыдан барып, шырша ағашы «орман ханшайымы» деген атауын жоғалтып, Библияда айтылған "Эдем жәннәтындағы" «древо жизни-өмір ағашының» жер бетіндегі белгісі сияқты қабылдана бастады[1].

Бұнымен қатар, 17-ғасырда шыршаның аяғын аспанға қаратып, үйдің төбесіне  іліп қою рәсімі пайда болды. Аяғы аспанға қарап ілінген шырша Рождество күні аспаннан түскен теппешекті білдірсе,  шыршадағы ілініп тұрған алмалар және түрлі тәттілер пейштегі тәтті өмірді елестетеді деген[2].  

Неге басқа ағашты емес, дәл шыршаны қасиет тұтты?

Бұл сұраққа былай жауап беруге болады: ескі герман халқында «йоль» түнін атап өту дәстүрі бар-тын. Бұл мейрам – жылдың ең ұзақ түніне сай келеді (21-22 желтоқсан). Жергілілікті халық Йонь мезгілінің құрметіне үлкен той өткізетін болған. Сол замандағы герман халықтарының нанымында, өмірі жасыл болып тұратын өсімдіктер «мәңгіліктің», «өміршеңдіктің» көрінісі ретінде есептелетін[3]. Осыған орай, қысы-жазы жасыл күйін жоғалтпайтын шыршаны  таңдап алуының төркіні сонда жатса керек.  

Ресей жерінде шыршаны безендіру дәстүрін алғаш рет 1819 жылы ұлы князь Николай Павлович өзінің пруссиялық Шарлотта есімді әйелінің өтініші бойынша бастады.

1915 жылы, бірінші дүние жүзілік соғыста Ресей патшасы Николай ІІ  жаңа жылдағы мейрамда шыршаны безендіру әдетіне тыйым салса, кейіннен  патшалық өкіметтің орнын басқан большевиктер шыршаға оңды көзқарас танытты. Большевиктердің көсемі В.И.Ленин жаңа жылдық шыршаны жақсы көретін болған.

Алайда, Ленин өлгеннен соң, шыршаны безендіру қылмыс ретінде саналып, 1926,1929 жылдары коммунистик биліктегілер рождество мейрамымен қоса, шыршаны безендіру ғұрыпын да ресми түрде тоқтатты.

Тек  арадан бірнеше жыл өткеннен кейін барып, 1935 жылы Украинаның Орталық комитетінің (ЦК) екінші хатшысы Павел Постышев, Москваға келген сапарындағы Сталинмен кездесу барысында, осы шыршаны безендіру мәселесін қайта қозғайды: «Сталин мырза, шыршаны балаларға қайтарсақ, қалай  болады?», - деп өтініш білдіргеннен кейін, Сталин рұқсат береді. Осының артынша П.Постышеп газетке шыршаға байланысты мақала жазады. Ондағы «шыршаны қайтарайық» деген ұсынысы қолдау тауып,  барлық жерде жаңа жыл мейрамы шыршасыз өтпейтін болды[4].

Сол уақыттарда Қазақстан жері совет одағының құрамында болғандықтан (алғашқыда Қазақ АКСР,  кейіннен Қазақ КСР) шыршаны безендіру әдеті де ел арасына шамамен сол кезендері ене бастаса керек.

Шариғи тұрғыда:

Жалпы алғанда Ислам діні өзге діндегілердің діни рәсімдерін, діни мейрамдарын қайталап, оларға ұқсау мақсатында орындауды құп санамайды. Өйткені, ардақты Пайғамбарымыз (с.а.у.) «Кім бір қауымға ұқсаса, ол солардан»[5], - деген.

Шырша құру әдетінің түпкі пәлсәфәсі ұмытылып, көп адам жәй «жаңа жылдың рәмізі» ретінде қарағанымен, негізгі астарында өзге діни сенімдегілерге еліктеушілік жатыр. Осыған орай, Ислам тәлімін ту етіп жүрген намазхан кісілер жаңа жылда үйлеріне шырша құрмағандары абзал.

Ал, шырша құрған  адамға да күнәһар көзбен қараудың қажеті жоқ (әсіресе, өзін мұсылман санағанымен діннен алыстау адамға). Неге десеңіз, шамамен бір ғасыр бойы еліміздегі мұсылман жұртшылығының санасына сіңіп үлгерген бұл әдетке бірден «харам» деп байбалам салғаннан гөрі, Ислам дініндегі «әт-тәдәрруж», яғни, «мұсылманшылық әстә-әсте» деген қағиданы негіз еткен дұрыс деп ойлаймын. Ислам діні алғаш келген кезде, көп дүниені бірден емес, бірте-бірте тыйып отырды. Тіпті, барлық жамандықтың басы саналатын «шараптың» өзін де,  құл  иеленушілікті де осылай тыйған.

Ислам дағуатының негізгі ережелерінің бірі саналатын «әт-тәдәрруж» қағидасын пайдалануды, сондай-ақ,  дінімізде амалдардың кісінің ниетіне қарай бағаланатындығы да үкімге əсер ететін негізі қағидаттардың бірі екендігін ұмытпағанымыз жөн. Ең дұрысы – Аллаға мәлім!


[1] Рождественская елка, Е.В.Душечкина.
[2] http://foma.ru
[3] Рождественская елка, Е.В.Душечкина.
[4] https://ru.wikipedia.org/wiki/
[5] Әбу Дәуід, Либәс – 3512.

Абдусамат Қасым