Үйде сынған айна тұрса не болады?
Үйде сынған айна тұрса не болады?
10 жыл бұрын 26437

Әссәләмуғалейкум! Сынған айна үйде тұрса не болады? Бекжан.

Уағалейкум әссәләм, Бекжан! Бағзы заманнан бері келе жатқан мистикалық сенімдердің бірі – сынық айнаға қарамау. Бұл сонау көне рим сенім-нанымынан бастау алады. Сынған айнаға қараған адамның жеті жыл бойы жолы болмайды-мыс. Сол себепті, үйде сынық айна ұстамау керек деп сенді. Алда-жалда айна сынып қалған болса, оған тікелей емес, тұспалдап келіп, сынықтарын қалташаға салып, сол күйінше тастау керек екен. Ондағы мақсат – сынық айнада әлдебіреудің бейнесінің көрінбеуін қамтамасыз ету.

Мұндай ырым шариғатта негізсіз болып табылады. Әр нәрсені жаман ырымға балап, соған сеніп, жүріс-тұрысын соған негіздеу дін тәліміне теріс. «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, Пайғамбарымыз (с.а.у.) пессимистік көңіл-күй және пессимистік түсінік қалыптастырар ырымдардан тыйып отырған. Әр нәрсе Алланың қалауына байланысты деп үйретті. Оның орнына өмірге деген құштарлықты оятар, адамның үмітін арттыратын сөздер, жақсы жорамалдар айтуымызды бұйырды.

Мысалы, «Сахих Бухари» атты хадистер жинағында келтірілген бір хадисте ардақты Пайғамбарымыз: «Исламда жаман ырымға балау жоқ(طِيَرَةٌ), ең жақсысы - "Фә’л" деді. (Сонда қасындағылар): «Фә’л деген не?», - деп сұрады. Пайғамбарымыз: «Ол - әрбіреулеріңнің естігілерің келген жақсы сөз», - деді[1].    

Қорытынды:

Сынық айнаның үйде тұруының шариғат тұрғысынан ешбір зияны жоқ. Оған байланысты айтылған мистикалық ырымдарды адам фантазиясынан туындаған дүние ретінде қараған дұрыс. Ежелде айналар өте әлсіз, аса сынғыш әрі тым қымбат болған. Сондықтан, тұтынушы халық айнаны ұқыпты ұстасын деген оймен әдейі әлгіндей ырым ойлап шығарылған болуы мүмкін. Әйтсе де, үйде сынық айна ілініп тұрса, оны басқасына ауыстыру мәдениеттілік жағынан да, қолданысқа икемді болу жағынан да абзал. 


[1] Сахих Бухари: Китабут Тыб – Бәбу аттияра.

Абдусамат Қасым