Тозақта тастардың да жанатыны айтылған. Оның хикметі неде?
Тозақта тастардың да жанатыны айтылған. Оның хикметі неде?
9 жыл бұрын 6057

Ассаламуғалейкум! Пайғамбарымыздың бірнеше хадисінде тозақта тастардың да жанатыны айтылған. Осының белгілі бір себебі, хикметі бар ма?

Шынар

Уағалейкум әссәләм, Шынар! Құран Кәрімде: «Тамыздығы адамдар мен тастардан болатын, кәпірлер үшін әзірленген оттан қорқыңдар»[1], - делінген.

Исламнан бұрын пұтқа табынушылық сенімі тамырын терең жайып тұрған заман еді. Арабтардың басым көпшілігі тастардан пұт жасап, соған табынатын. Пұттарды о дүниеде шапағатшы, қорғаушы ретінде көретін. Мүшріктердің осы соқыр сенімдерінің быт-шытын шығарған жоғарыдағы аят: «Табынып жатқан тастарың о дүниеде сендерді қорғамақ түгілі, өздері тозақтың отыны болмақ», - дей  келе, жансыз тасқа табынып, одан медет тілеудің және оған сыйынудың қаншалықты ақылға сыйымсыз екендігін ұғындырғысы келген сияқты.

Бұнымен қатар, аяттағы «тас» сөзі «көмірді» де білдіріп тұруы мүмкін. Бәріне белгілі ағашқа қарағанда көмірдің қызуы қатты.

Қандай болғанда да, аяттағы «тас» пен «от» арасындағы байланыстың астарында бір мәннің бары анық. Кім біледі, мүмкін, болашақта лабораториялық зерттеулердің нәтижесінде нақты ғылыми түсіндірмесі де табылып қалар.


[1] Бақара сүресі, 24-аят.

Абдусамат Қасым