Ассаламу Алейкум! Тәңіршілдер деген сенімді ұстанатындар олар кәпірлер ме? Олардың сенімдері күпірлік пе?
«Тәңіршілдік» сенімі күпірлік пе?
|
Бисмилләһ, уассаләту уәссәләму аля Расулилләһ.
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
Тәңіршілдік - жалпы түрде «Көк тәңірге», ал жалқы түрде «Тәңір/Тенгри» және «Ұмай» деп аталатын антропоморфтық құдайларға сенушілердің нанымы. Оны «атеистік монетеизм» деп атайтындар да бар.
Тәңіршілдік - бүгінде сенушілері тарапынан еліміздегі мұсылман дінінің орнын басуға лайықты «дін» ретінде көлденең тартылып жатқан жалған нанымның аты. Осылайша, егер бұрындары ол ескі түркі халықтарының көне нанымы ретінде «тарих» және «мәдениеттану» пәнінің зерттеу тақырыптарының бірі ғана болып келген болса, бүгінде саяси астар ала бастағаны байқалады.
Шариғи тұрғыда тәңіршілдік күпірлік пе?
Шариғи тұрғыдан айтқанда, Тәңіршілдік нанымы - қасиетті Ислам дінінің сенім-негіздерін мойындамайды, тіпті бүгінде еліміздегі аталмыш нанымға сенушілер киелі дінімізге жиі тіл тигізіп жататындығы жасырын емес. Бұл нағыз күпірлік. Сондықтан да, Ислам шариғаты бойынша тәңіршілдік (тенгрианство) - күпірлік нанымы, ал оның сенушілері шариғи тұрғыдан қарағанда адасқан, кәпір болып есептеледі.
Әрине, қай сенімнің өкілі болса да бәрі бір Алланың жаратқаны. Қай сенім өкілі болса да құрметке лайықты. Сондықтан да, тәңіршілдік нанымын дәріптеуші жерлестерімізді жалған нанымды тастап, Құдайдың шынайы жолы - төл дініміз мұсылман дініне өтулеріне шақырамыз. Өйткені, бәрімізді жаратқан бір Құдай. Ертең бәріміз сол бір Жаратқанның алдына барарымыз хақ. Сол себепті, о дүниеде опық жеп қалмас үшін бір Жаратқанға жағатын жолды таңдау ақылға қонымдырақ. Жаратқанға жағатын жол қайсысы десеңіз, бәрімізді Жаратқан Құдай өзінің киелі кітабында тек Исламды ғана танитындығын, ал өзге нанымдарды қабыл алмайтындығын ашық айтқан. «Кім Исламнан басқа бір дін іздесе, әсте одан қабыл етілмейді де ақыретте зиянға ұшыраушылардан болады» дейді Құдай Тағала Құранда1. Олай болса, Құдай қабыл алмайтын жалған нанымның соңынан кетіп, өз-өздеріңізді құрдымға сүйреп қайтесіздер дегіміз келеді. Айту - бізден. Һидаят - Алладан! Алла аталмыш жалған нанымды дәріптеушілерге һидаят сыйласын!
Абдусамат Қасым, Исламтанушы
1 وَمَنْ يَبْتَغِ غَيْرَ الإسْلامِ دِينًا فَلَنْ يُقْبَلَ مِنْهُ وَهُوَ فِي الآخِرَةِ مِنَ الْخَاسِرِينَ / Құран Кәрім: "Әли Имран" 18 аят.