Соғыстарда Пайғамбарымыз адам өлтірген бе?
Соғыстарда Пайғамбарымыз адам өлтірген бе?
10 жыл бұрын 13151

Ассалаумағалейкум! Пайғамбарымыз (с.а.с.) көптеген соғыстарға қатысқаны белгілі. Бірақ осында бір мәселе бізге сұрақ туындатып отыр. Пайғамбарымыз (с.а.с.) сол соғыс кездерінде немесе басқа шабуылдарда өзі адам өлтірген бе? Яғни, оның қолынан адам қайтыс болған ба? Кейбіреулер оны тек қана соғысқа қатысқан, бірақ адам өлтірмеген деуде. Осыған қатысты оқиғалардан, хадистерден дәлелдер келтіріп жауап берсеңіздер екен! Аллаһ разы болсын! Шынар.

Уағалейкум ассәләм! Пайғамбарымыз (с.а.у.) тек бір ғана мүшрикті өз қолымен жер жастандырғаны, одан өзге ешкімді бұрын немесе одан кейін де өз қолымен өлтірмегендігі деректерде айтылады. Өлген адамның аты – Үбәй ибн Халаф дейтін мүшрик болатын. Ол оқиға қысқаша былай өрбіді:

Әбу Суфиян бастаған Мекке мүшриктері мен Медине қаласының мұсылмандары арасындағы болған «Ухуд» соғысында белгілі себептердің нәтижесінде ұрыстың орайы мүшриктердің ыңғайына қарай ауысып, мұсылман әскерлерінің арасында бейберекетсіздік орын алады.

Сол сәттерде Пайғамбарымыз (с.а.у.) қасындағы біраз сахабалармен қашып, тау шатқалына жеткенде Үбәй ибн Халаф астындағы атымен Пайғамбарымыздың артынан қуып жетіп: «Ей, Мұхаммед! Не сен өлесің, не мен өлемін?!» - деп оған қарай шаба жөнеледі. Сахабалар оны тоқтатпақ болғанда, Алла елшісі: «Тимеңдер!» дейді де, Әл-Харис ибн ас-Симма атты сахабаның найзасын алып, жақындап келген Үбәйдың мойнынан бір ұрады. Үбәй атынан домалап түседі. Пайғамбарымыздың соққысын ауырсынып шыдай алмаған Үбәй өгізше өкіреді[1].

Осы күйі қасындағы жендеттері жәрдемге келіп, оны көтеріп алып кетеді. Оның бұл қылығын қасындағылары түсінбей: «Болмашы жараға бола, неге сонша қиналдың?! - деп айтады. Сонда Үбәй оларға: «Оның найзасы тұрмақ түкірігінің өзі тигенде мені өлтіретін еді» - дейді ыңырсып. Найзаның тиген жерінен көп қан сыртқа шықпай, ішіне ұйып, іріңдейді. Осының әсерінен көп ұзамай Үбәй өледі[2].   

Одан біраз жыл бұрын Үбәй ибн Халаф Меккеде Пайғамбарды кездестіргенде: "Ей, Мұхаммед! Менің айғырым бар. Оған күнде бір дорба (фарақ) жүгері беріп, бағып жатырмын. Сені соған мініп өлтіремін!" - деген етін. Сонда Алла елшісі оған: "Жоқ. Керісінше, мен сені өлтіремін иншаАлла!" - деп жауап қатады[3]. Сол кезде, Үбәй ибн Халаф Алла елшісінің бұл сөзін қорқыту емес, болашақтан хабар беру екендігін түсінбеген еді.

(Ухуд соғысы - милади жыл санауы бойынша 625 жылы (хижри 3-жыл), Араб жарты аралының солтүстік батысында орналасқан "Ухуд" тауында орын алды. ).


[1] Ибн Һишәм: Мақтәлу Убай ибн Халаф.
[2] Абдурраззақ – әл-Мусаннаф,  Китабул Мағази. Уақъату Һузәйл бир Ражиъ.; әл-Бәйхақи – Дәләилу ән-Нубууә – ғазуату Ухуд.  
[3] Ибн Һишәм: Мақтәлу Убай ибн Халаф.

Абдусамат Қасым