Шайтан неге "шайтан" атанды? Ол періште ме, әлде жын ба?
Шайтан неге "шайтан" атанды? Ол періште ме, әлде жын ба?
11 жыл бұрын 20207

Әссәламуғалейкум! Адамдарды күнәға шайтан азғырады дейміз, сонда шайтан дегеніміз кім? Қайдан пайда болған? Неге ол адамдарды азғырады? Неге біз оларды көре алмаймыз?   Орынбаев Ермек

Уағалейкум ассалам!  

Шайтан сөзі «азғын, қарсы келуші» деген мағынаны білдіреді. Түбірі «алыстады», «ұзақтады» деген мағынаға саятын «шәтанә/شطَنَ يشطُن، شُطُونًا» етістігінен шыққан. Оған бұл атау Раббымызға қарсы келіп, Оның әміріне теріс әрекет еткені үшін тағылған.

Оның тағы бір аты «Ібіліс». Үмітін үзді деген мағынаны білдіретін «أبلس» етістігінен шығады. Алланың кешірімі мен мейрімінен үмітін үзгендіктен   оған «Ібліс» аты берілген.

Шайтан жаратылысы жайындағы ғалымдар арасындағы пікірлер екіге бөлінеді: періште ме әлде жын ба?

Сахаба Абдулла ибн Аббас шайтанды періштелердің бірі деп санағандығы деректерде айтылады. Шайтан Аллаға қарсы келіп, оның лағынетіне душар болғаннан кейін "шайтан" атанды, оның алдыңғы аты «Харис» еді деседі[1].

Ал, сахаба көзін көрген табиғин ғұлама Хасанал Басри (р.а.) шайтанды періште емес, жындардың атасы деп санаған. Хасан әл-Басри бұл туралы өзінің бір сөзінде былай тұжырымдайды: «Ешбір уақыт Шайтан періштелердің бірі емес-тін. Ол жындардың атасы. Құдды  Адамның (ғ.с.) бүкіл адамзаттың атасы болғаны секілді».

Оның үстіне, Құран Кәрімде «Шайтан жындардан еді, ол Раббысының бұйрығына қарсы келді» делінген.[2] Осы аятқа сүйене отырып, оны періште емес деуге негіз бар. Сондай-ақ, періштелердің Аллаға қарсы келмейтіні аян. Ал, шайтан Аллаға әміріне қарсы келіп отыр. Құранда: «Періштелер Алла тағала өздеріне бұйырған әмірлеріне қарсы келмей, не бұйырылса, соны орындайды», – делінсе, тағы бір аятта:«Көктер мен жердегілердің барлығы Алла тағаланікі. Оның қасындағылар (періштелер) Оған құлшылық етуден жалықпайды да шаршамайды... Олар Алла тағала (бұйырмай) озып сөз сөйлемейді. Оның әмірін ғана орындайды»[3], – дей отырып періштелердің Алланың әміріне қарсы келмейтіндіктерін баяндап тұр.

Шайтанның мүйізі бар ма?

Сахих Муслимде келген бір хадисте Пайғамбарымыз (с.а.у): «Күн шығып және күн батып жатқанда намаздарыңды оқымаңдар. Шынында күн шайтанның екі мүйізінде туады», – деген[4]. 

Осы хадисте шайтанның екі мүйізі бар екендігі ашық айтылуда[5].

Шайтанның мақсаты бізді азғырып, теріс жолға түсіргісі келеді. Осылайша өзімен қоса бізді де тозаққа алып кетуді діттейді. Бұл жайында Құранда былай делінген:

«Алла тағала: «Мен саған сәжде етуді әмір еткенде, сен неге сәжде етпедің?, – деді. Ол: «Мен одан артықпын. Өйткені, мені оттан жаратып, оны балшықтан жараттың», – дейді . (Алла): «Онда ол жерден түс. Бұл жерде, сенің менменсуіңе болмайды. Дереу шық, қор болушылардансың», – деді. (Ібіліс): «Қайта тірілетін күнге дейін мұрсат бер» деді. (Алла): «Шынында мұрсат берілгендерденсің»,– дейді. (Ібіліс): «Ендеше, мені қаңғыртқаның себепті әлбетте мен де оларға қарсы Сенің тура жолыңда отырып аламын», – деді.  Сонан соң оларға алды-артынан, оң-солынан келіп азғырамын,  олардың көбін Саған шүкір етпейтін болады», – деді.»[6].

[1]Құртуби тәпсірі; Ибн Кәсир Тәпсірі – Бақара 34 аяты тәпсірі.
[2]Кәһф сүресі – 50 аят.
[3]Әнбия сүресі - 19, 27 аяттар.
[4]Муслим: Салатул Мусафирин – №828 хадис. 
[5]Имам Нәуәи – №828 хадис түсіндірмесі.
[6]Әл-Ағраф – 13-17 аяттар.

Абдусамат Қасым