Сәләфиттер «Ханбали мәзхабындамыз» дейді. Ханбәли мәзхабы мен сәләфиттердің арасында айырмашылық бар ма?
Сәләфиттер «Ханбали мәзхабындамыз» дейді. Ханбәли мәзхабы мен сәләфиттердің арасында айырмашылық бар ма?
7 жыл бұрын 16566

Әссәләмуғалейкум, ұстаз!  Қазіргі уақытта кейбір сəлəфи жігіттер "4 мəзхабты да мойындаймын, бірақ өзім Ханбалиді ұстанамын" дейді. Енді осыған орай қазіргі сəлəфилер мен Ханбали мəзхабының қандай айырмашылықтарын айтуға болады? Бағдат Қанатұлы

Уағалейкумәссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Ханбәли мәзхабы Әһли сүннә жолындағы төрт мәзхабтың бірі. Құрушысы  - хадисші, әрі фиқһ ғылымының майталманы ғұлама Ахмәд ибн Ханбәл (р.а.).   

Тарих кітаптарына сүйенсек, Имам Ахмадтың алғашқы ұстаздарының бірі Әбу Ханифаның шәкірті Имам Әбу Юсуф болған. Ол Имам Әбу Юсуфтан фиқһ және хадис үйренген. Тіпті, алғашқы жазған хадистері Имам Әбу Юсуфтан үйренген хадистері екен. Имам Әбу Юсуф фиқһшы болуымен қатар, хадис ғылымының да білгірі еді.  

Ал, «сәләфия», яғни, «уәһабизм» - 18 ғасырда өмір сүрген Мұхаммед ибн Абдуль Уаһһабтың бастауымен пайда болған ағым. Аталмыш кісі, одан 4 ғасыр бұрын өмір кешкен Ибн Тәймияның пікірлерінен сусындап, тұжырымдамаларын терең меңгереді. Ибн Тәймияның діни көзқарастарын теориядан практикаға көшірген де сол. Ибн Тәймияның сенімге қатысты тұжырымдамаларын қабылдап, қатты ұстанды. (Әбу Заһра. Тәрихуль Мәзәһибиль Исләмия).

Сондықтан да, сәләфизмнің түпкі негізі Ибн Тәймияның пікір-көзқарастарына сүйенеді деуге негіз бар. Ибн Тәймия Ханбәли мәзхабынан саналады. Соған орай, сәләфилер де өздерін аталмыш мәзхабқа тиесілі етсе керек. Бірақ, бұдан біраз жыл бұрын ғана (алысқа бармай-ақ қояйық) еліміздегі сәләфтар мүлдем мәзхабты мойындамай: «Бізге Құран мен Хадис жетеді» дегенді ұрандап, халық арасында бүлік туғызған еді. Тіпті, көшбасшыларының бірі «мәзхаб» дегенді оба ауруына теңеген тұғын. Соңғы уақыттары, аталмыш бағытты ту еткендер біресе «Ханафиміз» десе, кейде «Ханбалиміз» деп жүр. Арасында «сүннитпіз» дейтіндер де бар.  

Біз кездестірген деректерге сүйенсек, Сәләфизм бағыты өздерін Ханбали мәзхабына тиесілі етсе де, екеуінің арасында кейбір көзге батар айырмашылықтардың бары анық. Солардың біршамасын тізіп өтелік:

1. Ифтитах тәкбірінде қол көтеру

Ханбали мәзхабында: Ифтитах тәкбірінде қолды саусақ ұшы құлақтың жоғарғы жағына келердей етіп көтеруге де, иық деңгейінде көтеруге де болады. (әл-Муғни)

Сәләфизм ағымындағылар:  Иық деңгейінде көтеріледі.

2.Намазда қол байлау

Ханбали мәзхабында: Оң қолды сол қолдың білезігіне қойып, кіндік астына байлайды (әл-Муғни)

Сәләфиттер (күнделікті көріп жүргеніміздей): Оң қолды сол қолдың білегіне қойып, көкірек тұсына байлайды.

3.Намазда талтайып тұру

Ханбали мәзхабында: Екі аяқ арасы көзге ерсі көрінетіндей алшақ емес, дененің тепе-теңдігін сақтайтындай «орташа» болғаны жөн. (У.Зухайли. әл-Фиқһ әл-Ислами уә әдилләтуһу).

Сәләфиттер: Талтайып тұрады.

4. Ер мен әйелдің намаздағы айырмашылықтары

Ханбали мәзхабында: Намазда әйел кісінің ер кісіден кейбір айырмашылықтары бар. Әйел кісінің намаз қимылдары жинақылыққа негізделген. Ол рүкуғ пен сәждеде өзін жинақы ұстап, әттахияту отырысында молдас құрып, немесе сол жағына жамбастай отырып, екі аяғын оң жаққа шығарады. (әл-Муғни).

Сәләфиттер (әсіресе біздің елдегі): Әйел мен ерлердің намаз қимылдары арасында айырмашылық жоқ. Әйелдер де намазды ерлер секілді орындайды.

5. Сәждеге барарда

Ханбали мәзхабында: Сәждеге баратын адам әуелі тізесін, одан кейін екі қолын, одан соң маңдайын, одан кейін мұрнын жерге қояды. (әл-Муғни)

Сәләфиттер: Сәждеге барған адам әуелі екі қолын, одан соң екі тізесін қояды. (әл-Бәни). (Әуелі тізені қояды деп айтатындар да бар. Мысалы, Ибн Усеймін).

6. Тәуәссүл 

Ханбали мәзхабында: Әулие, салиқалы, тақуа, ілімді кісілермен тәуәссүл етудің ағаттығы жоқ. Ханбали мәзхабында ең дұрысы осылай. (әл-Мәрдәуи. әл-Инсаф). Жанбыр дұғасында шейхтармен, тақуалармен, ілім иелерімен Аллаға тәуәссүл етудің ағаттығы жоқ. (Имам әс-Сәмури. Әл-Мүстәуъиб.).

Сәләфиттер: Тәуәссүлдің бірнеше түрі бар. Бірақ, соның ішінде пайғамбардың құрметіне, пәлен әулиенің құрметіне т.б. осы сияқты тәуәссүл түрі харам.

7. Өлілерге Құран бағыштау

Ханбали мәзхабында: Қабірде өлілерге Құран оқу мәкруһ емес. Керісінше мұстахаб. (әл-Буһути).

Сәләфи ағымдағылар: Өлілерге Құран оқу бидғат. Өлілерге Құран бағышталмайды. Қабірде Құран оқылмайды. (Ибн Бәз).  

8. Теберік

Ханбали мәзхабында: Теберікке рұқсат. (Ибн Жәузи әл-Ханбәли).

Сәләфилер: Теберік тек Пайғамбарымызға ғана қатысты. Одан бөлек ешкімнің, сахаба да болса, еш нәрсесін теберік ретінде көруге болмайды. Өйткені, теберік те, тәуәссул де ширкті тудыратын алғы шарттар болып табылады (Ибн Бәз).  

9. Аллаға тарап беру

Ханбали мәзхабында: Аллаға ешқандай мекен, ешбір тұс, қандай да болмасын тарап берілмейді. (Ибн Хажар әл-Хайтәми; ибн Жәузи әл-Ханбали). 

Сәләфилер: Алла тағала жоғарыда. Аспанда. 

 

Түйін сөз:

Жоғарыда күнделікті көзіміз көріп жүрген, бәрімізге таныс мәселелер негізінде айырмашылықтарды беруге тырыстық. Осыған қарап-ақ, қазір өздерін сәләф деп жүргендерді Ханбали мәзхабына тән етуге болмайтындығын ұғынуға болады. Негізінен алып қарағанда, сәләфилер өздерін өз алдына бөлек мәзхаб ретінде көреді. Тіпті, діни көсемдерінің бірі Ибн Бәздің «Біз Ханбали емеспіз. Біз Сәләфи жолындағылармыз» деп ашық айтқан сөзі бар. Әрі олардың қағидаттары бойынша, әлдебір мәзхабқа байланбай, «сахих хадистер» негізге алынуы керек. Мәзхабтардағы үкімдер осы «сахих хадистер» таразысына салынып, бағаланады.

Ендеше, аталмыш ағымның «Ханбали мәзхабынанмын» деп мүләйімсуі бекершілік. Мұнысын өздерінің ұстанған теріс бағыттарын әлдебір хақ мәзхабтардың бірімен көлегейлеудің бір жолы деп білгеніміз дұрыс.

Ең дұрысы – Аллаға мәлім!     

Абдусамат Қасым