Сағат сыйлауға болмайды дейді сол рас па?
Сағат сыйлауға болмайды дейді сол рас па?
10 жыл бұрын 27605

Әссәләмуғалейкум уа рахматуллаһи уә бәрәкәтуһ! Менің естуім бойынша, қыз бен жігіт, ерлі-зайыптылар бір-біріне сағат сыйласа, онда олар айырылысып, ажырасып кетеді екен. Әрине әрнәрсе бір Алладан екені даусыз. Осыны анықтап берсеңіздер. Рахмет, Алла разы болсын. Нұрсилә Қайдарова

Уағалейкумсалам уа рахматуллаһи уа бәрәкәтуһ!
Құрметті Нұрсилә, сіз сұрап отырған наным-сенімді (ішінара болсада) арқау ететін жерлестеріміз бар.  Сағат - айырылысудың нышаны. Сағат тоқтағанда, сендердің де қарым-қатынастарың үзіледі деп ырымдайды. Қытай елінде сағат сыйлауды - жерлеу рәсіміне шақыру деп түсінеді екен. Славян халқында: сағат сыйлайтын болсаңыз, онымен бірге күйініш, бақытсыздық, өкініш сыйлағаныңыз.   

Алайда асыл дініміз әр нәрсені жаман ырымға балап, соған сеніп, жүріс-тұрысын соған негіздемеуге шақырады. Сахих Бухари атты хадистер жинағында келтірілген хадисте ардақты Пайғамбарымыз: «Исламда Тияра (طِيَرَةٌ-жаман ырымға балау) жоқ,  ең жақсысы - Фә’л (فَأْل–жақсыға жорамалдау),- деді. (Сонда қасындағылар): «Фә’л деген не?», - деп сұрады. Пайғамбарымыз: «Сендердің әрбіреуіңнің еститін - жақсы сөзі», - деді[1]. 

Ендеше, әрбіріміз кейбір соқыр сенімділіктен айырылып, өмірімізді шынайылыққа негіздеуіміз керек.  «Жақсы сөз – жарым ырыс» демекші, өмірге деген құштарлықты оятар, адамның үмітін арттыратын сөздер, жорамалдар айтқанымыз жөн.  

Сондықтан, сіз сұрап отырған наным-сенімді дініміз құптамайды. Оны кей адамдардың қате түсініктерінен туындаған дүние ретінде қабылдаған дұрыс.

[1] Сахих Бухари: Китабут Тыб – Бәбу аттияра.

Абдусамат Қасым