Садақа берсем де неге жолым болмай жатыр?
Садақа берсем де неге жолым болмай жатыр?
7 күн бұрын 1257

Ассаламу алейкум, құрметті жамағат! Менің сұрағым бар еді. Жалпы салынып жатқан медресе көп осы алматы қаласында және Нұр мүбарак салынып жатыр, соған Алла разылығы үшін деп садақа бердім. Неге жолым болмай қалды?...

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Құрметті сауал жолдаушы, садақа берудің көптеген дүниелік пайдасы бар. Соның басты үшеуін атап өтелік:

  1. Мал-дүниеге береке кіреді1.
  2. Басқа келуі мүмкін қатерді бертарап қылады2.
  3. Күнә мен қателіктерді өшіреді3.

Сондықтан да, берген садақаңыз күнәңіздің өшірілуіне немесе басыңызға келуі керек боп тұрған қауіп-қатердің алдын алуға кетекен болуы мүмкін. Мәселен, құдай сақтасын, егер жазмышта басыңызға бір қатер келеді деп жазылған болса және берген садақаңыз оның басыңызға келуіне кедергі жасаған болса, оның өзі үлкен «жол болушылық» емей, немене?! Және де адамның істеген күнәсі себепті Алланың қиындығы мен жазасы келеді делінеді, ал, садақаңыз бойыңыздағы күнәңізді өшіруге септігін тигізіп, соның нәтижесінде келуі керек қиындық пен тәңірлік жазаны келтірмей қойса, бұдан артық жол болушылық бар ма?

Ендеше, садақа бердім, жол болмай жатыр деп айтпағанымыз дұрыс. Өйткені, берген садақамыздың арқасында біз күтпеген жерден жолымызды болдырып жатқан болуы мүмкін. Алла Тағала Құранда айтқан: "Кім зәрредей жақсылық жасаса, ол оны көреді" деген. Оның үстіне, жақсылығыңыздың қарымтасын бұл дүниеде көрмесеңіз де, ақыретте көретініңіз анық. 

Ең дұрысы Аллаға мәлім! Уәлхамдулилләһи Раббиль аләмин! 


1  «Садақа мал дүниені кемітпейді» хадис, «Сахих Мүслім».
2  «Садақаны ертерек кешіктірмей беріңдер, шынында апат, қатер садақаны асып өте алмайды». Хадис, «Табарани, «Муъжамуль Әусат».
3  «Садақа қателіктерді (күнәларды) өшіреді, құдды су отты өшіргені секілді». Хадис. 

Абдусамат Қасым