Салам Алейкум! ! Осы такырыпта бір сұрағым бар еді, оразаның түрлері бар екен, солардың біреуі хайуаннан алынатын нарселерден тыйылу екен, мысалыға ет, сүт, май тағы баскалары жане ол ораза - 40 күнге созылады екен. Ол ораза Риязат деп аталады деп естіген едім. Сол жөнінде жазып берсеңіз! Алла сізден және сіздің жақындарыңыздан разы болғай!
«Риязат» деген не? «Риязат оразасы» дейтін ораза түрі бар ма?
|
Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!
«Риязат» дегеніміз, нәпсіні тәрбиелеу мақсатында аз ішіп-жеу, аз сөйлеу және аз ұйықтау. Әбу Сүлейман Дарани атты әулиенің мынадай сөзі бар: «Дүниенің кілті – тоқтық. Ақыреттің кілті – аштық». Бұрын сахабалар, тоя тамақ ішпейтін, түнді үшке бөлетін, бос сөздерден қашатын.
Риязаттың мақсаты – тақуалық пен уәраъ дәрежесіне қол жеткізу.
Тақуалық дегеніміз, харамдардан ұзақ тұру болса, ал «уәраъ (وَرَعٌ )» харамдардан тыйылумен бірге мубахтардың өзін шектеу, оларды қажеттіліктен тыс қолданбау.
Имам Раббани (р.а.) бойынша, риязат – ішіп-жеуде, киім киюде, ұйықтауда, сөйлеуде т.б. әр нәрседе орта жолды ұстану болып табылады. Тіпті, тамақты қажеттілігінше ғана жеп, не аш емес, не тоқ емес, орта халде болу – еш тамақ ішпей, аштан бұратылып жүргеннен артық. Имам Раббани былай дейді:
«Орта халді ұстану риязеті – қатты ашығу риязатынан артық. Орта халді ұстану риязатын кейбір надандар «риязат» ретінде санамайды. Олардың пайымынша, риязат тек ашығу ғана... Бұндай риязат түрін тек жәһилдер ұнатады... Ендеше, ішіп-жеуде, киім киюде және әр нәрседе орташа деңгейде болуға мән беру жақсы нәрсе»[1].
Имам Раббани «риязаттың» мағынасын былай деп түсіндірген:
«Адамдар риязатты ашығу және ораза ұстау деп түсінеді. Әсілінде, дініміздің бұйырғанынша ғана тамақ ішуге мән беру – мыңдаған жыл бойы ораза ұстағаннан да қуатты әрі пайдалы. Алдына тәтті тамақтар қойылған əлдебіреудің тәбеті ашылып, бәрін жегісі келсе де, дініміздің бұйырғанынша ғана жеп, артық жемеуі – ең қатты риязат болып табылады, әрі ол басқа риязаттардан биік».
Демек, риязат дегеніміз, сопылық ілімінде нәпсіні тәрбиелеу тәсілі екен. Нәпсінің қалауын шектеп, оны тізгіндеудің бір жолы. Бірақ, өзге діндердегідей (мысалы джайнизм) түбегейлі дүниеден уаз кешу емес. Харам нәрселерден ұзақ тұрып, мубах-рұқсат заттарды қажетінше қолдану, артық кетпеу. Осылайша, нәпсінің тойымсыз құмарлығын шектеу.
Негізінде риязат түсінігі индуизм, буддизм, джайнизм, христиан сияқты діндерде де кездеседі. Бірақ, Ислам тасаууфындағы риязат түрінің олардан айырмашылығы – Құран мен хадиске сүйенуінде. Риязат – хадистердің үйретуі негізінде орындалады. Мақсаты – Ихсан дәрежесіне жетіп, жақсы, тақуа мұсылман болу.
«Риязат оразасы» дейтін ораза бар ма?
«Риязат оразасы» дейтін 40 күндік ораза түрі Ислам шариғатында жоқ. Мүмкін бұл қырық күндік шилеге кіруден шыққан болуы мүмкін. Алайда, Исламның бұйырған ораза түрі емес.
Сондай-ақ, «қырық күн бойы хайуаннан алынатын өнімдерден тыйылу керек» делінетін риязат түрі христиан дінінде бар нəрсе. Ислам тәлімінде жоқ. Әлдекім, денсаулығына байланысты немесе артық салмақты тастау үшін майлы тамақтардан немесе сүт, май сияқты хайуаннан алынатын өнімдерден өзін шектеуі мүмкін, оның күнәсі жоқ. Бірақ, мұны Ислами құлшылық түріне айналдыру, осылайша одан сауап үміт ету дұрыс емес, бидғат əрекет.
Және де риязат дегеніміз тақуалыққа жету болса, бұл жолда тартатын белгілі тәспих-зікірлері, ұстайтын нәпіл оразалары және оқитын қосымша нәпіл намаздары болатыны анық. Бірақ, оның бәрі Құран мен сүннеттің аясында жасалуы керек. Мысалы, пәленбай күн тек су ішумен ғана шектелемін деген кісі, онысы үшін сауап алмасы анық. Ол Ислами риязатқа жатпайды. Ал, егер бір күн ораза ұстап, бір күн ұстамай, осылайша күнара ораза ұстауды әдетке айналдырған мұсылман сауапқа кенеледі. Себебі хадисте бар. Дәуід пайғамбардың оразасы.
Имам Раббани былай деген:
«Кімде-кім, мың жыл ғибадат етсе де жəне нәпсіге ауыр келетін риязатта болса да, қатты мүжәһәдә жасаса да (нәпсіге ауыр келетін нәрселерді жасаса да), егер бір жері ұлық Пайғамбарымызға (Зи-Шанға) сайкес келмесе, оның сонша күш сарп етуінің бір түйір арпаның құнындай құны жоқ. Құмды шөлде көрінген сағымдай».
Ең дұрысы – Аллаға мәлім!
[1] Имам Раббани: Мәктубат. 313 мәктуб.