Рабыта жайлы не айтасыздар? Рабыта дұрыс па?
Рабыта жайлы не айтасыздар? Рабыта дұрыс па?
5 жыл бұрын 11050

Ассаләмуғалейкум! Рабыта жайлы не айтасыздар? Жалпы дұрыс па, бұрыс па?  Әділет.

Уағалейкумуссәләм уә рахматуллаһи уә бәракәтуһ!

Рабыта қазақшадағы «байлау» ұғымын беретін «Рабт» сөзінен шыққан. Рухани байланыс құру. Әлдекімді көз алдына елестетіп, ойлау, оның бейнесін жадында сақтау. Осы жөнінен алғанда «телепатияға» ұқсас.

Рабыта дегеніміз, мүридтің (сопылық жолындағы шәкірт) өзінің «мүршиди-кәмил» дәрежесіндегі піріне көңілмен байлану, оның бейнесі мен руханиятын ойлап, қасында болғандағы ұстанымын, ол жоқ кезде де жоғалтпай әдептілікті сақтап қалу. Осы арқылы уақыт өте келе шейхының әдебін, оның ерекшеліктерін бойына сіндіру.   

Рабытадағы түпкі мақсат – адамды Алланы көрмесе де көріп тұрғандай әрекет етуге, әрдайым Алланың алдында тұрғандай өмір сүруге дағдыландыру. Сондай рухани деңгейге жеткізу. Алланың бейнесі болмағандықтан оны елестету мүмкін емес. Сондықтан жүйелі рухани тәлім-тәрбиеге мұқтаж. Сондай тәрбие жолының бірі «кәміл адам» дәрежесіне жеткен шейхымен рухани байланыста болу. Шейхымен рухани байланыста бола жүріп, оған деген сүйіспеншілігі арқылы алдымен фәнә фиш шәйх деңгейіне, одан соң Фәнә фир Расул деңгейіне, одан кейін Фәнә филлаһ деңгейіне жетуді көздейді.  

Шариғаттағы үкімі

Шариғаттағы үкіміне келер болсақ, рабыта Ислам бұйрығы емес. Рабыта хақында нақты үкім аят-хадистерде жоқ. Ол көбіне Ислами тасаууф мектебіндегі рухани тәлім-тәрбиелік тәсілдердің бірі. Сондықтан да, оған құлшылық ретінде қараудың қажеті жоқ дейді мамандар.

Дегенмен, жалпы алғанда Ислам ғалымдарының көпшілігі «рабыта жасауды» Ислам шариғатына қайшы деп санамаған. Өйткені, рухани ұстазын ойлап, оның бейнесін жадында сақтап жүру, қасында болмаса да қасында тұр деп елестету, осылайша оның берген тәлім-тәрбиесін еске сақтап, Исламның үкімдерін ықыласпен орындаудың Ислам шариғатына теріс келер тұсы жоқ. Сахабалар да Пайғамбарды үнемі ойлап жүретін.

Пірдің суретіне қарап рабыта жасауға бола ма?

Сопылық жолы – аят пен хадиске негізделеді. Сол себепті, аят пен хадистерге, жалпылама Ислам қағидаттарына теріс келген әлдебір әрекет қабыл етілмейді. Мысалы, пірдің суретіне қарап рабыта жасау Исламда жоқ, бидғат әрекет. Дініміздегі «таухид» сеніміне көлеңке түсірер оғаш қылық. Бұл іс уақыт өте келе (бірнеше ғасыр өте келе) христиан дініндегідей суреттегі бейнеге табынуға, одан медет тілеуге де алып келуі ғажап емес. Сондықтан да, ондай әрекетке жол бермеген дұрыс.

Алла баршамызға тәуфиқ, һидаят бергей! 

Абдусамат Қасым